Оралда жас табиғаттанушылар жиыны басталды
Орал қаласында жас табиғаттанушылардың дәстүрлі жиыны өз жұмысын бастады.
Облыс орталығы мен алыс ауыл, аудандардан келген оқушылар 8 командаға бөлініп, бірнеше күн бойы өзара бақ сынамақ. Байқау аясында қатысушылар картография, энтомология және флористика бағыттары бойынша білімдері мен тәжірибелерін көрсетеді. Оқушылар дала жағдайында өсімдіктер мен жәндіктердің түрлерін анықтап, карта арқылы бағдарлау тапсырмаларын орындайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жиынның басты мақсаты – жас ұрпақтың туған өлкенің табиғаты туралы білімін тереңдетіп, экологиялық мәдениетін қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғауға баулу.
Райымбек Анатолий, "Атамекен" балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының бөлім меңгерушісі:
- «Экосоқпақ» жас натуралистер слеті өтуде. Мақсаты - жас экологтарды жазғы мезгілде, демалыс уақытында табиғатқа баули отырып, жыл бойы оқығандарын практика жүзінде дәлелдеу болып табылады. Жарыс нәтижесінде жергілікті жердің флорасы мен фаунасын тануда, энтофаунасын оқытуда оларды практика жүзінде көрсету, бағыттау жұмыстары атқарылатын болады.