Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарында сел жүруі мүмкін

Фото: ЖИ арқылы жасалған

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазселденқорғау» мекемесі тұрғындарға ескерту жасады, деп хабарлайды «24KZ».

3–5 шілде аралығында Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында жоғары ауа температурасы мен нөсер жаңбыр болжанып отыр.

Соған байланысты қарқынды беткейлік ағындар, өзендерде су деңгейінің көтерілуі, су тасқындарының қалыптасуы және ойпаң жерлерді су басу қаупі бар.

Сондай-ақ сел және сырғыма құбылыстары болуы мүмкін.

Аталған облыстардың тұрғындары мен қонақтарынан сақтық шараларын қатаң сақтауды, ресми ескертулерді қадағалауды және ескерту кезеңінде мүмкіндігінше таулы аймақтарға барудан бас тартуды сұраймыз, – делінген хабарламада.

ТЖМ азаматтарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз