Қостанай облысында орман ішінен экосаябақ ашылады
Қостанай облысы аумағында экологиялық саябақ құрылысы жүріп жатыр.
Бұл демалыс орнының бір ерекшелігі - ол орман ішінде орналасқан. Экосаябақта бірнеше ойын алаңы, жаяу жүргінші, велосипед жолағы салынады. Табиғат аясында адамдардың қауіпсіз әрі алаңсыз демалуына барынша жағдай жасалады.
Жаңадан салынып жатқан Астана, Бәйтерек шағын аудандарына таяу орман алқабында экологиялық саябақ пайда болады. Бірегей демалыс аймағының құрылысы бірер апта бұрын басталды.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Күре жолға жақын орман бөлігінің ашық алаңқайларына футбол, волейбол алаңдары, воркаут аймағы, балалардың ойын алаңы, вело, жаяу жүргіншілер жолағы салынады. Мердігерлердің айтуынша, экосаябақ құрылысы барысында бір де бір ағаш кесілмейді.
«Жасыл ел» жасағы да осында. Олар келген бетте экосаябаққа бағыттайтын белгі орнатыпты. Жастар орман ішін қураған тал, шөптен тазартып жүр.
Асылзат Ерболатқызы, «Жасыл ел» жасағының сарбазы:
- Орман аумағын қоқыстардан тазартып, абаттандыру жұмыстарына қазіргі таңда өз үлесімізді қосудамыз. Бұл жер үлкен күшті саябақ болады. Барша осы Қостанай ауданы тұрғындары осы жерде дем алып, өздерін еркін сезінеді деп ойлаймын.
Экосаябақтың аумағы 44 гектар. Қазіргі кезде жер бедерін тегістеп, асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жоба жетекшілерінің айтуынша, адамдардың саябақта серуендеп, еркін демалуына барлық жағдай жасалмақ. Қауіпсіздік мәселесі де ерекше назарда.
Денис Петрухно, Қостанай аудандық ТҮКШ басшысы:
- Экологиялық саябақ іші толық жарықтандырылып, әр тұсында бейнебақылау камералары орнатылады. Белгілі бір жерлерде өрт сөндіру жабдықтары қойылады. Веложолақтың бұрылыстарда жаяу жүргінші жолымен түйіспеуі, ағашқа соғылып қалмау жағы да ойластырылған.
Президент бастамашыл болған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Қостанай облысында 90-ға жуық саябақ пен шағын бақтар абаттандырылды. Экологиялық саябақ құрылысына шамамен 800 миллион теңге бөлінген. Мердігер нысанды жаз аяғында тапсырамыз деп отыр.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг