Ауғанстанда салынып жатқан су қоймасының ОА елдеріне әсері болуы мүмкін

Өзбекстан аумағындағы солтүстік Аралдың табанынан жыл сайын миллиондаған тонна улы тұз бен химиялық пестицидтер араласқан шаң ауаға көтеріледі.

Салдарынан тұрғындар арасында тыныс алу жолдары, туберкулез, бүйрек және онкологияға шалдыққандар көбейіп барады. Аймақта ауыз су мәселесі де өзекті. Ғалымдардың болжауынша, су тапшылығынан өңірдегі жағдай жыл сайын қиындай береді.  

Орталық Азияның энергетика мен ауыл шаруашылығы саласы тіршілік нәріне толықтай тәуелді. Ғалымдардың болжамынша, жыл өткен сайын трансшекаралық өзендерден келетін су көлемі 3-4 пайызға азаяды. Бұған Ауғанстанда салынып жатқан Куштепа су қоймасын қосыңыз. Тәліптер 500 мың гектар алқапты суаруға жететін канал құрылысының бірінші кезеңін аяқтады. 

Абдулхай Канит, Ауғанстан саяси зерттеулер институтының директоры:

- Өкінішке орай, Ауғанстан Орталық Азия елдерімен су ресурстары бойынша ешқандай келісімде жоқ. Бұл біздің тарапымыздан немесе көрші елдердің тарапынан болған кемшілік емес. Саяси жағдайларға байланысты біз су дипломатиясына сүйенгіміз келеді. Мен мұны даму процесі деп санаймын. Біз өз идеяларымызды ұсынып, көршілердің пікірін назарға алу үшін диалогқа қатысуымыз маңызды. 

Солтүстік Аралда БҰҰ-ның арнайы бағдарламасы жұмыс істейді. Шалғай ауылдарға ауыз су тарату, тіршілік нәрінің сапасын жақсарту сияқты ілкімді істерді қолға алған. Жалпы Өзбекстанда 2030 жылға дейін халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткішін 90%-ға дейін жеткізу жоспары бар. 

Зиновий Новицкий, Өзбекстан ауылшаруашылық саласының докторы, академик:

- Егер климат осылай өзгере берсе, мұздықтардың жылдам еру процесі жалғасады. Оның салдары белгілі. Су тапшылығы болады. Орталық Азия елдерінде су қауіпсіздігін қамтамасыз ету шынымен де өзекті. Қазір Кіші Арал толығып жатыр. Бұл қуанарлық жағдай. Оған құйып жатқан су ауылшаруашылық саласынан үнемделіпті. Яғни біздің көршілеріміздің тамшылатып суару әдісіне көшкені өз септігін тигізген.   

Халықаралық қаржы институттары Арал мәселесіне соңғы жылдары көмек беруді едәуір азайтқан. Гранттық қолдаудың жоқтығынан бірқатар жоба аяқсыз қалыпты. Өзбекстанның су саласы мамандарын әсіресе ескі гидро нысандардың жағдайы алаңдатып отыр.  

Дулат Нуркин