Оралда тазалық сақтамаған  2193 адам жауапқа тартылды

Оралда жыл басынан бері абаттандыру жұмысын аяқасты қылған 2193 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалады.

Құқық бұзушылықтың барлығы бейнебақылау камераларының көмегімен анықталды. Қазір шаһарда 700 камера бар. Соның 300-і жасанды интеллект жүйесіне қосылған. 50 камера қоқыс тастайтын орындардың маңына орнатылған. Полицияның жедел басқару орталығына қосылған бақылау жүйесі кінәлі тұлғаларды тез танып, жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді. Соның арқасында қала тазалығы айтарлықтай жақсарды, дейді тәртіп сақшылары.  

Нұрбол Меңдіханов, БҚО ПД  басқарма бастығының м.а.:

- Бұл жүйе құқық бұзушылықты дер кезінде анықтап, жолын кесуге және жауапты тұлғаларды табуға мүмкіндік береді. Жедел басқару орталығына камераларды қосқалы бері қала тұрғындар, қонақтар қоқыстарды арнайы белгіленген жерге тастап, құқық бұзушылық жасамауға едәуір үйреніп келе жатыр.