Арал тағдыры: Теңіздегі су көлемі рекордтық көрсеткішке жетті

gov.kz

Су ресурстары және ирригация министрлігі Солтүстік Арал теңізін сақтау және су көлемін арттыру бағытында ауқымды жұмыстарды жалғастыруда. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде соңғы айларда теңізге түсетін су ағыны тұрақталды, деп хабарлайды «24KZ».

Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылғы 1 қазаннан бері Сырдария өзені арқылы Солтүстік Арал теңізіне шамамен 1,2 миллиард текше метр су жіберілді. Қазіргі таңда теңіздегі жалпы су көлемі 23,4 миллиард текше метрге жетіп отыр.

Бүгінгі таңда вегетация кезеңінде теңізге секундына 14 текше метр су түсіп жатыр. Дегенмен, вегетация маусымы аяқталғанға дейін бұл көрсеткішті біртіндеп секундына 100–150 текше метрге дейін арттыру жоспарланып отыр.

Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, бұл жетістіктер жүйелі жұмыстар мен тиімді су дипломатиясының арқасында мүмкін болып отыр. 

Солтүстік Аралды сақтау мақсатында министрлік бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр. Оның ішінде Сырдария өзені бассейніндегі суды есепке алуды автоматтандыру және гидротехникалық нысандарды реконструкциялау жұмыстары бар. Сонымен қатар көршілес мемлекеттермен өзара іс-қимыл да күшейтіліп жатыр. Мәселен, былтыр Өзбекстан Республикасымен трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Бұл – он жылға созылған келіссөздер процесінің нәтижесі.