Ақтөбе облысындағы тарихи орындар қоқыстан тазартылды

Ақтөбе облысындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің тазалығын жастар қадағалайды.

«Жасыл ел» сарбаздары шалғайдағы кешендерде сенбілік өткізіп жүр.

Жалпы аймақтағы 300-ден астам мәдени әрі тарихи маңызы бар нысан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жоспарлы іс-шаралар тізіміне енген.

«Жасыл елге» Қобда ауданында биыл 150 оқушы мен студент жазылған. Олар орман шаруашылығы мен коммуналдық қызметте, жеке серіктестіктерде еңбек етеді. «Таза Қазақстан» ұлттық жобасына да белсенді атсалысып, өңірдің тазалығына үлес қосып келеді.

Іңкәр Мыңбаева, оқушы:

- Жасыл елге менің ағаларым қатысты. Қасымдағы құрбыларым бірнеше жыл жасап келе жатқан соң маған жақсы деп мақтайды. Мен де қызығушылықпен кірдім. Біз орман шаруашылығында көбіне питомникке барамыз. Қарағаштарды суарып, тазалаймыз.

Бұл жолы Қобда ауданының «Жасыл ел» жасағы Абат Байтақ кесенесіне сенбілікке шықты. Бұл кешен өңірдегі тарихи нысандардың бірегейі. Сәулет өнерінің сан алуан түрі сақталған қорымда 16 мен 19-ғасырлар аралығына тиесілі 243 құлпытас бар. Сондықтан ашық аспан астындағы музейді қаз-қалпында сақтап, болашаққа мирас ету - басты міндет.

Ризагүл Әмірғалиева, Қобда аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы:

- Жастардың мақсаты осындай тарихи мәдени орындардың тазалығын сақтап, оларды күтіп ұстау. Тек қана Абат Байтақ емес. Басқа да, Қобыланды батыр кесенесі бар, бізде Исатай Тайманұлы кесенесі бар, осы жерлерге, тарихи мәдени орындарға тазалық жұмыстарын жүргізуге үлесімізді қосып жүреміз. 

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өңірде бұқаралық сипат алған. Жыл басынан 340 мыңнан астам тұрғын сенбілікке шығып, 42 мың тонна қоқыс шығарылды. Көпшілік демалатын өзен-көлдердің 30 шақырымға жуық жағалауы тазартылды.

Елена Лемешкина, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

- Мәдени-тарихи маңызы бар 301 нысанда сенбілік, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ескерткіштер жуылды. Сондай-ақ 454 шағын сәулет формасы ретке келтіріліп, безендірілді. Бұл жұмыстар жалғаса береді.

Күз маусымына да жоспар бекітілген. Өңірді абаттандыруға бағытталған екіайлық өтуі тиіс. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында 220 мың түп тал-терек егіледі.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов

Сондай-ақ оқыңыз: