Қазақстан қоқыстан қуат өндіреді

Халық саны өскен сайын бізде де тұрмыстық қалдық көлемі артып келеді.

Ендігі бір мәселе - қоқысты кәдеге жарату. Қазір елдегі қоқыстың шамамен 25 пайызы өңделеді. Ал таяу жылдары осы қоқыстан энергия өндіретін бірнеше зауыт тұрғызылады. 

Елордадан шығарылатын қоқыс көлемі жыл санап артып отыр. Мәселен, 2019 жылы тәулігіне 900 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық полигонға төгілсе, қазір 1200 тоннаға жетті. Яғни 7 жылда бір жарым есеге ұлғайды. 

Серік Құдайбергенов, Астана қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының маманы:

- Қаламыз күннен күнге өсіп жатыр. Өздеріңіз білесіздер. Күніне жаңа ғимараттар салынып жатыр. Соған байланысты адам саны да өсіп жатыр. Мысалы, 2019-бен салыстырғанда қалдықтың қалыптасу көлемі 50 пайызға көбейді.  

Әрине қоқыстың көбеюімен қатар оны қайта өңдеу мәселесі де өзекті. Бүгінде қаладан жиналған қалдықтың 20 пайызы кәдеге жарайды. Әйтсе де әкімдік бұл көрсеткішті жақсартуға жоспар құрып отыр. Ерекше жобалардың бірі қоқыстан электр энергиясын алатын зауыт бой көтереді. Зауыт жылына 550 мың тонна қоқыс өңдеп, 330 млн кВт·сағ қуат береді. 

Жомарт Әлиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:

- Қайта өңдеу саласындағы жобаларды қолдау шаралары Мемлекет басшысының тапсырмасына сай жүзеге асып жатыр. Былтыр Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауыттарын салу бойынша Қытай компанияларымен келісім жасалды. Жалпы сомасы 293 млрд теңге инвестиция тартылады. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Нысандарды 2028-2029 жылдары іске қосу жоспарланған. 

Осыған дейін Инвестициялық штаб 440 млрд теңгенің 67 жобасын мақұлдады. Бұл жобалар шеңберінде жылына 650 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптайтын 6 кәсіпорын ашылады. Сондай-ақ 435 мың тонна қалдықты қайта өңдейтін 18 жоба қолға алынды. 

ҚОҚЫСТЫ КӘДЕГЕ ЖАРАТУ

67 жоба – ₸440 млрд

Сұрыптау

6 жоба – 650 мың тн

Қайта өңдеу

18 жоба – 435 мың тн  

Бүгінде 15 жоба жүзеге асты. Соған сай бір жылда 290 мың тонна қоқысты сұрыптайтын бірнеше зауыт іске қосылып, 19 мың 300 тонна қалдықты қайта өңдейтін кәсіпорындар жұмысын бастады. 

ҚОҚЫСТЫ КӘДЕГЕ ЖАРАТУ

15 жоба

Сұрыптау – 290 мың тн

Қайта өңдеу – 19,3 мың тн 

Қазір елдің басқа да өңірлерінде қоқыстан энергия өндіретін зауыттар салуға ден қойылып отыр. Келешекте мұндай кәсіпорын Қарағанды облысында да тұрғызылуы мүкін. 

Авторы Нұрқанат Қанапия

Сондай-ақ оқыңыз: