Диқан бір тамшы сусыз қауын-қарбыз өсіріп отыр
Қалауын тапса қар жанар.
Сырым ауданы Қосарал ауылының тұрғыны Амантай Есенғалиев бір тамшы сусыз 10 гектар жерде қарбыз-қауын өсіріп отыр. Жинаған өніммен ауылдастарын қамтып қана қоймай, аудан орталығы Жымпитыға дейін жеткізеді. Сусыз бақшаның сыры неде?
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Өнер-білім бар жұрттар сан ғасырлардан бері сусыздан сусын ішіп, отынсыз тамақ пісіріп келеді. Егер шын ізденіп талаптанса, кез келген істің ретін келтіріп, көзін табуға болады. Сенесіздер ме, Сырым ауданы Жетікөл ауылындағы алқаптағы мына теңкиген қарбыздар бір тамшы сусыз өсіп шыққан.
Шаруа қожалығының жетекшісі Амантай Есенғалиев бұрын төрт түлікпен шұғылданса, былтырдан бері бау-бақшаға ден қойыпты. Жақын жерде өзен-көлдің жоқтығы, жер асты суының тереңдігі де оны райынан қайтармапты. Бақшаға ол құмдауыт жерді таңдапты. 10 гектардың 6 гектарына қарбыз, қалғанына асқабақ пен қауын дәні себіліпті.
Амантай Есенғалиев, диқан:
- Құмдауыт жер. Ертеректе еккен осы жақта үлкен кісілер. Содан естіп, егіп қарадық былтыр. Содан екі жыл болды бақшамен айналысып жатырмыз. Құм деген жер жарылмайды ғой. Күзде жыртамыз, көктемде жер кеуіп бастағанда тырмалап, ылғалын жауып аламыз. Сосын орысша культивация дейді. Мамандығым агроном, 40 жыл өтілім бар агрономмын. Жердің ылғалын жапқасын арамшөп шықса культивация жасап барып, сосын егеміз.
Амантай Есенғалиев былтыр 4 гектардан 15 тонна өнім алды. Суармалы алқапқа қарағанда өнімділік әрине 2-3 есе төмен. Есесіне сусыз өскен қауын-қарбызда қанттың концентрациясы жоғары болады деседі. Дәмі тіл үйірген дақылдан ауыз тиіп, тәттілігіне көз жеткіздік. Тағы бір гәп, кәнігі агроном бақшаны судан шөбінің ортасына 70 метр де шақырым жарым ғып егіпті. Сонда жан-жағындағы кеудеден келетін қалың шөп, бақшаны желден, яғни топырақты құрғап кетуден қорғайды. Сусыз бақшаның соңғы құпиясы - дән салған қатардың арасы алшақ болуы тиіс.
Амантай Есенғалиев, диқан:
- Аралары «междурядье» 2 метр 10 см. Қарбыз егетін сеялкамыз жоқ. Егін егетін сеялка бар ғой. «Захваты» 2 метр 10 ғой. Соның артына кісі отырғызып, киімін кигізіп салып отырады. Солай егеміз. Өнім шығуы да жақсы, өнімі де жақсы. Жақындатып жіберсе, ылғал жетпей қалатын шығар. 2 метр 10-нан түсірмейміз. Сосын былай арасын 60-70 см салып отырады.
Батыс Қазақстан облысы биыл 4 мың гектар алқапқа көкніс пен картоп, 700 гектарға бақша салыпты. Өңір диқандарын қолдауға 1,9 млрд теңге көлемінде демеуқаржы қаралған.
Кеңес Қайдашев, облыстық ауылшаруашылық басқармасының бөлім басшысы:
- Өсімдік шаруашылығына 1,9 млрд теңге бөлінді биыл. 750 млн төледік. Қалғанын жылдың аяғына шейін төленетін болады. Көкөніс, бақша егетіндер тұқымға алады, пайдаланған тыңайтқыш, пайдаланған пестицидтерге субсидия алады. Бақша дақылымен өзімізді түгел қамтып отырмыз. Түгел қамтығанда Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарына да жеткізіледі.
Күні бүгін өңірде 14 мың тонна көкөніс, 16 мың жарым тонна бақша өнімдері жиналған.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов