«Таза Қазақстан»: 100 қоқыс полигоны салынады
Елде рұқсат етілмеген қоқыс полигондары үш есе азайды. Олардың саны 2018 жылы 9 мыңға жуық болса, биыл 2600-ге дейін төмендеді.
Биыл анықталған полигондардың 77%-ы жойылды, қалған учаскелерді тазарту жалғасып жатыр. Бұл жұмыс «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында қолға алынды. Енді Президент тапсырмасымен елде 100 жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынады. Өңірлерде қоқыс сұрыптау және қайта өңдеу қуаттарын дамыту да пысықталады. Астана, Алматы және Жамбыл облыстарында электр энергиясын өндіру арқылы қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату бойынша заманауи кешендер салынып жатыр. Олардың жиынтық қуаты тәулігіне 4,4 мың тоннаға дейін жетеді, инвестиция көлемі 225 млрд теңгеден асады. Сонымен қатар бес жылда 1,7 млрд ағаш егілді. Келер жылы олардың саны 2 млрдқа жетеді. Ал экологиялық акцияларға 6,1 млн адам қатысты. Биыл 741 мың ерікті 813 мың тонна қалдық жинап, кәдеге жаратуға шығарды.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі:
- Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасының құндылықтары «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасына енгізілуде. Конституцияда бекітілген экологиялық нормалар мен жауапкершілік қағидаттарын балабақшадан бастап, жоғары оқу орындарына дейінгі білім беру жүйесінде орнықтыратын бірыңғай стандарт әзірленуде. Жасыл клубтар, зерттеу жобалары және экологиялық волонтерлік бағыттары дамытылуда.