Атырауда экология талабын бұзған мұнай компаниясынан 1,4 миллиард теңге айыппұл өндірілді

@EcologyofQazaqstan

Атырау облысында экологиялық талаптарды өрескел бұзған «Потенциал Ойл» ЖШС мемлекет пайдасына 1,4 миллиард теңгеден астам айыппұл төледі, деп хабарлайды «24KZ». 

Атырау облысының Экология департаменті жүргізген тексеру барысында кәсіпорын қызметінен бірқатар өрескел заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, өндірістік қоршаған орта мен ағынды суларды бақылау талаптары бұзылып, міндетті экологиялық есептер уақытында тапсырылмаған немесе дұрыс толтырылмаған.

Сонымен қатар зиянды заттардың ауаға таралуы мен жекелеген жұмыс түрлері тиісті экологиялық рұқсатсыз жүргізіліп, белгіленген шекті мөлшерлерден асып кеткені белгілі болды. Бұдан бөлек, ластанған топырақ пен суқойма түбіндегі қалдық лайлардың тиісті рұқсатсыз жиналғаны және қалдықтарды басқару бағдарламасы кәсіпорынның нақты қалдықтарына сәйкес келмегені анықталды.

Жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша компанияға жалпы сомасы 1,4 миллиард теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.

«Потенциал Ойл» ЖШС бұл шешімге қарсы шығып, сотқа шағымданғанымен, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар компанияның талаптарын қанағаттандырудан бас тартты. Нәтижесінде заңды күшіне енген шешім негізінде мемлекетке тиесілі 1,4 миллиард теңгеден асатын айыппұл сомасы толығымен өндірілді.

Сондай-ақ оқыңыз: