Ақтөбеде Дүниежүзілік тазалық күніне орай экошара өтті

Мыңдаған ақтөбелік Дүниежүзілік тазалық күніне арналған экологиялық шараларға қатысты.

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында өңірде ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, жаппай ағаш егу акциясы өтті. Ақтөбедегі саябақтардың бірін көгалдандыру ісіне тұрғындармен бірге облыс әкімі Асхат Шахаров та атсалысты.

«Қоныс» спорт сарайының жанындағы жаңа саябаққа әртүрлі тұқымдас ондаған ағаш егілді. Көгалдандыру акциясына жастар, мемлекеттік органдардың, кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ белсенді тұрғындар қатысты. 

Тоқжан Жеткергенова, студент:

- Біздің мақсатымыз тек талды егу ғана емес, қоршаған оратны көгалдандыру болып есептеледі. Және бізбен бірге қосылыңыздар. Бүгінгі акция өте ерекше өтуде. Әрбір адам өзінің үлесін қосуда және табиғатты қорғайық.

Көгалдандыру жұмыстары бүкіл облыс аумағын  қамтыды. Саябақтар, скверлер, қала мен ауыл көшелерінде мойыл, шетен, шаған, үйеңкі және бөртегүл көшеттері егілді. Ағаштар мен бұталар жергілікті тәлімбақтарда өсірілген. Сондықтан олар өңірдің климаттық жағдайына бейімделген. Акцияның басты мақсаты - тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастырып, табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін арттыру.

Асхат Шахаров, облыс әкімі:

- 12 мыңға жуық адам шығып сенбілік ұйымдастыруда. Білесіздер, осы «Таза Қазақстан» республикалық бағдарлама аясында Президенттің тапсырмасы үлкен халыққа үндеу. Бүгін міне 7200 тал егеміз деп, жоспар құрдық. Талымызды жеткіздік. 2-3 метрлік және жабық тамыр жүйесімен отырғызып жатырмыз. Себебі оның әрі қарай алып кетуге мүмкіндігі жоғары болады.

Жалпы өңірде жасыл желек санын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Биыл Ақтөбе мен аудан орталықтарында жалпы аумағы 135 гектарға жасыл белдеулер құру жоспарланған. Қазір 46 гектар аумаққа 154 мың түп ағаш егілді. Жұмыстарды қараша айына дейін толық аяқтау көзделген.

Данияр Сұлтанұлы, Болат Молдағалиев, Айбек Дәуітов

Сондай-ақ оқыңыз: