Аула тазалығына кім жауапты?

Иә, қала халқы ұлғайған сайын көлік кептелісі де көбейеді. Шаһардың тазалағын қамтамасыз ететін коммуналдық мекемелерге де жұмыс көбейетіні анық.

Мысалы, жыл басынан бері елордадан 200 мың тоннадан астам коммуналдық қалдық шығарылды. Қаладағы 19 мыңнан астам қоқыс контейнері мен 4800 контейнер алаңы Waste Management ақпараттық жүйесіне қосылған. Ол жәшіктердің саны мен техникалық жағдайын бақылауға мүмкіндік береді. Ал тұрғындар мен пәтер иелері бірлестігі қоқысты белгіленген орынға тастап, ауланың тазалығын сақтауға жауапты.

Мына тұрғын үй 2024 жылы салынған. Мұнда 580 пәтер бар. Яғни тұрғындар саны екі мыңға жуық. Осындай үлкен үйдің аумағын таза ұстау оңай емес. Сондықтан пәтер иелері бірлестігі кәсіби қызмет көрсететін компанияны жалдап, оның жұмысын күнделікті бақылап отырады. Дегенмен ауланың тазалығы тұрғындардың өзіне де байланысты. Үй аумағында тәртіпті қадағалау үшін 420 бейнебақылау камерасы орнатылған.

Бекет Байбосынов, қала тұрғыны:

- Тұрғындар әрекет жасау керек. Жақсы қатысуы керек. Бірақ негізі ОСИ-дің командасының күші өте күшті. Әрекет жасап жатқаны сезіліп жатыр. Маған ұнайды. Негізі көп нәрсе адамның өзіне байланысты. ОСИ әрекет жасайды, хабарламаны жібереді. Чатымыз бар. Сол жерге ақпаратты тұрақты жібереді.

Бұл үйдегі пәтер иелері бірлестігінің төрағасы қоқыс шығару мәселесіне де ерекше көңіл бөледі. Жақында контейнерлердің жанына осындай арнайы жәшіктер орнатылды. Енді тұрғындар қоқысты тастамас бұрын, пластик пен картонды бөлек жинай алады. Оның үстіне жиналған қалдықтарды өткізу арқылы үйге қосымша қаражат түседі.

Шыңғысхан Дүйсенбек, ПИБ төрағасы:

- Менің ұсынысым бойынша екі фракциялық контейнер орнатылған болатын. Бұл деген тұрғындарға картон мен пластикті жеке-жеке сұрыптап қолдануға болады. Бұның артында үйге қосымша ақша пайда алып келеді. Яғни әр килограмм пластик бөтелке немеге картонға 35 теңге шамасында төлейді. Бұл – қосымша мотивация.

Контейнерлердегі қоқысты тазалыққа жауапты мекеме күнделікті алып кетіп отырады. Алайда кей тұрғындар қалдықтарды жәшіктің ішіне емес, сыртына тастап кететін жағдайлар болады. Мұндай кезде контейнер маңын үйге қызмет көрсететін компания мамандары тазалайды.

Уәлихан Смағұлов, «Taza Zher Capital» компаниясының санитарлық инспекторы:

- Біз күніне бір рет алып кетеміз. Күнде машиналарымыз келіп, қоқысты жинап кетеді. Менеджерлер, қызмет көрсетуші мекеме үйлерді күнделікті өздері қарап отыруы керек. Бір рет қоқысты алып кеткеннен кейін жан-жағын жинау сол кісілердің міндеттері. Тұрғындар да қоқысты орнына салу керек. Қағаз жәшіктерді әкелеп, жыртып, ішіне салуға тиіс. Ал олар астына жерге қойып кетеді. 

Айта кетерлігі, қоқысты рұқсат етілмеген жерге тастағаны үшін салынатын айыппұл мөлшері жыл басынан бері артты. Биыл оның көлемі 86 мың 500 теңгеге дейін жетеді. Бұл талап тұрғындарға ғана емес, бірінші қабаттағы коммерциялық нысандарға да қатысты. Ал жыл басынан бері абаттандыру және санитариялық талаптарды бұзған 30 мың 200 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Авторлары: Дариға Ташенова, Мадияр Қындыбаев

Сондай-ақ оқыңыз: