Биыл «Ақсу-Жабағылы» қорығына 100 жыл
Қазақстан мен Орталық Азиядағы тұңғыш мемлекеттік табиғи қорық – «Ақсу-Жабағылы» қорығы өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтті. Осыған орай Ақсу шатқалында көру алаңы ашылды.
«Мақсат – Ақсу құз шатқалының табиғи байлығын кеңінен таныту, экологиялық туризм мен туған өлкенің көркем табиғатын насихаттау», - дейді қорық қызметкерлері.
Теңіз деңгейінен 1500 метр биіктікте орналасқан Ақсу шатқалы – «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының көрікті орындарының бірі. Шатқалдың ені – 800 метр, тереңдігі – 500 метр. Табиғаттың ғажайып көрінісін тамашалауға арналған көру алаңының ашылу салтанаттына қатысқан облыс әкімі Нұралхан Көшеров табиғи аумақтарды қорғау мен туризмді дамытудың маңыздылығына тоқталды.
Нұралхан Көшеров, облыс әкімі:
- Бұл – тек жаңа туристік нысан ғана емес, туған жердің сұлулығына тағзым ететін ерекше орын. Бұл алаң туристерге Ақсу шатқалының әсем табиғатын қауіпсіз әрі заманауи жағдайда тамашалауға мүмкіндік береді. Жаңа нысан облыстың туристік тартымдылығын арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастырға зор серпін беретініне сенімдімін.
«Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы 1926 жылы құрылған. Аумағы – 132 мың гектар. Батыс Тянь-Шань, Талас Алатауы және Өгем жотасының таулы аймағында орналасқан. «Қорық – сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар әлеміне өте бай», - дейді қорық қызметкерлері.
Сахит Қынтаев, «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының директоры:
- Бұл жерде өсімдіктердің 1700 түрі бар. Құстардың 80 түрі кездеседі. Қызыл кітапқа енгендері де көп. Аңдардың 52 түрі бар. Олардың бәрі осы жерді мекендейді. Ақсу шатқалы – «Ақсу-Жабағылы» қорғындағы аңдарды қыста сақтайтын жердің бірі. Осы жерде қорек етіп, осы жерде қыстайды.
Одан кейін қорықтың 100 жылдығына арналған мәдени шаралар аудан орталығында ғылыми конференциямен жалғасты. Тағылымды іс-шараға ғалымдар, экологтар, қорық қызметкерлері қатысты. Ал Тұрар Рысқұлов саябағында аудан тұрғындарына көрме ұйымдастырылды.
Авторы: Жандос Жұмабек