Павлодар облысында өртті ерте анықтау жүйесі енгізілді
Павлодар облысында табиғи аумақтарды оттан қорғау жұмыстары жаңа деңгейге көтерілді. Енді орман өрттерін алдын ала анықтайтын автоматтандырылған жүйе қосылды, деп хабарлайды «24KZ».
Өңірдегі орман алқаптарында орман өрттерін ерте анықтау жүйелері тәулік бойы бақылайды. Жүйелер жасанды интеллект мен бейнебақылау құралдарын қолдана отырып, түтін немесе оттың алғашқы белгілерін автоматты түрде таниды және ақпаратты дереу диспетчерлерге жолдайды. Бұл әсіресе қалпына келуіне онжылдықтар қажет болатын орман массивтері үшін өрт сөндірушілердің жұмысын жеделдетіп, шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Павлодар облысында өртті ерте анықтау жүйелерін енгізу және қажетті инфрақұрылымды дамыту үшін «Жасыл даму» АҚ утилизациялық алым қаражаты есебінен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бағыттады. Жұмыстар «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында және ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Өрттің таралып кетуіне жол бермеу үшін оны мүмкіндігінше ерте анықтау маңызды. Осы мақсатта «Жасыл даму» АҚ тарапынан ел бойынша орман өрттерін ерте анықтау жүйелерін енгізуге жалпы сомасы 16,9 миллиард теңге бөлінді», - делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда республиканың жеті өңірінде осындай 14 автоматтандырылған ерте анықтау жүйесі орнатылып қойған. Олардың басты мақсаты – орман және өрт сөндіру қызметтеріне жедел әрекет етуге жағдай жасап, өрттің үлкен аумақтарға таралуына жол бермеу.