Солтүстік Арал 36%-ға ұлғайды

Солтүстік Аралдағы су көлемі 23,4 млрд текше метрге жетті, деп хабарлайды 24KZ.

20 жылдан астам уақытта теңіз аумағы 36 пайызға ұлғайып, судың минералдану деңгейі екі есе төмендеген. Енді Көкарал бөгетін қайта жаңғыртып, алдағы 5-6 жылда су көлемін 34 миллиард текше метрге дейін арттыру көзделіп отыр. Сырдария арқылы Солтүстік Аралға жылына кемінде 2 млрд текше метр су жіберіледі. Ал теңіздің құрғаған бөлігінде шөлейттенуге қарсы жұмыстар жалғасып жатыр. Бүгінде орман мелиорациясының аумағы 1,1 млн гектарға жетті. 56 миллионнан астам сексеуіл көшеті отырғызылды. Каспий теңізін сақтау бағытында да ғылыми зерттеу жұмыстары мен тұрақты мониторинг күшейтіледі. Қазақстан Каспий маңы мемлекеттерімен бірлесіп теңіз деңгейінің төмендеуіне байланысты тәуекелдерді бағалауға басымдық беріп отыр. Биоалуантүрлілікті, соның ішінде Каспий итбалығын сақтау, ластанудың алдын алу және жағалау ресурстарын тиімді басқару бойынша халықаралық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, Қазақстан көрші мемлекеттермен трансшекаралық су ресурстарын басқару жөніндегі ынтымақтастықты нығайтып келеді. Өзбекстанмен су нысандарын бірлесіп басқару туралы келісімге қол қойылды. Бұл Сырдариядағы су қоймаларының жұмысын үйлестіруге және Солтүстік Аралға судың тұрақты жетуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз: