Оралда Республика күні қарсаңында экосаябақ ашылды
Республика күні қарсаңында Орал қаласындағы Хан тоғайы аумағында экологиялық саябақ ашылды.
Жаңа демалыс орнында тұрғындардың табиғат аясында тынығуына, қыста шаңғымен, жазда жаяу сейілдеуіне барлық жағдай жасалған. Экопарк құрылысы Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясындағы тапсырмалары негізінде жүзеге асты.
Шаған мен Жайықтың ортасында орналасқан Хан тоғайының аумағы 249 гектар. 1812 жылы Бөкей сұлтанды хан сайлап, осы жерде ақ киізге көтерген деседі. Тарихи орында ашылған экосаябақта шаңғы тебу жолақтары, балаларға арналған сырғанақтар мен ойын алаңдары, суретке түсуге арналған мүйістер мен шахмат тақталары орналасқан. Саябақтың ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары жаңа нысанның еліміздегі ең ірі саябаққа айналарын атап өтті.
Қалияр Айтмұхамбетов, БҚО әкімінің орынбасары:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» бағдарламасында ірі мегаполистер мен қалаларда осындай экосаябақтарды құруды тапсырған болатын. Бастаманың негізгі мақсаты ол деген осындай аумақтарды сақтап қалу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Бұл экосаябақ республика көлемінде ең үлкен саябақтардың бірі болып саналады. Бүгінгі ашылып жатқан тек бір бөлігі ғана. Әрі қарай осындай алаңқайларды аша беретін боламыз.
Экосаябақтың ашылуында 500-ге тарта емен, терек, қарағай көшеттері отырғызылды. Табиғат жанашырлары жаңа бастаманың берері мол екенін айтады.
Дархан Сариев, БҚО экологиялық-географиялық қоғам жетекшісі:
- Жақсы бір шараға қатысып жатырмыз. Қаламызда экопарк деген жаңа парк ашылып жатыр. Біз өзіміз қолдаймыз. Не үшін десеңіз, шара кісілерді, жалпы халайықты экологиямен жақын болуға, өзінің денсаулығын сауықтыруға арналған бірден-бір орын деп айтуға болады.
Экосаябақ кәсіпкерлердің және орман шаруашылығы мекемелерінің көмегімен жасақталған. Алдағы уақытта саябақты күтіп ұстаумен «SAYAT» этнотуристік орталығы айналыспақ.
Авторлары Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап