Орталық Азия елдері сел қаупіне қарсы күш біріктірді

Талғар өзені алабында сел қаупінің алдын алуға арналған төрт автоматтандырылған мониторинг жүйесі іске қосылды.

Жабдықтар таудағы көлдердің жай-күйін бақылап, деректі мамандарға жедел жеткізеді. Бұл туралы Алматыда ЮНЕСКО ұйымдастырған өңірлік семинарда айтылды. Орталық Азияның төрт елінен жиналған мамандар мұздықтардың еруін және таудағы көлдерден төнетін қауіп-қатерді талқылады.

Қазақстан тауларында 970 мореналық көл бар. Оның 170-ке жуығы қауіпті. Селдің алдын алу үшін отандық мамандар Орталық Азияда баламасы жоқ әдісті қолданады. «Қазақселденқорғау» қызметкерлері арнайы сифондардың көмегімен көлдердің артық суын ағызып, ернеуінен асып кетпеуін бақылайды. ЮНЕСКО мәліметінше, мұндай технология басқа елдерде қолданылмайды. Сондықтан Қазақстанның тәжірибесі шетелдік мамандардың қызығушылығын тудырып отыр.  

Диана Әріпханова, ЮНЕСКО жанындағы GLOFCA жобасының жетекшісі:

- Біз жергілікті тұрғындармен жұмыс істейміз. Яғни оларға ескерту хабарламасы түскен жағдайда не істеу керектігін үйретеміз. Кішкентай балалар және мектеп оқушыларымен жұмыс жүргізіп, ақпараттық материалдар дайындаймыз. Қазақстанда Есік пен Талғар қалалары пилоттық жоба ретінде таңдалған. 

Бұл мәселе Қырғызстан мен Тәжікстан үшін өте өзекті. Климаттың жылынуынан мұздықтар еріп, олардың орнында жаңа көлдер пайда болып жатыр. Қырғызстанның Алаарша шатқалында ерте ескерту жүйесі орнатылған. Ол су деңгейін бақылайтын өлшеуіштер мен халыққа хабар беретін құрылғылардан тұрады. Онда құтқарушылар тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру бойынша оқу-жаттығу жұмыстарын өткізеді. 

Болот Молдобеков, Орталық Азия жерді қолданбалы зерттеу институтының тең директоры /Қырғызстан/:

- Егер көл бөгеті бұзылса, адамдарды  шамамен 50 минут ішінде қауіпсіз жерге көшіру керек. Ол үшін эвакуация жасайтын орындар бекітілген. Яғни көліктер тоқтайтын, тұрғындарды қауіпсіз жерге алып кететін арнайы алаңдар дайындалған. 

Сел жүру қаупі Орталық Азияның барлық елдерінде бар. Ол мемлекеттік шекараға бағынбайды. Өңірде мұндай апаттың ауыр зардаптары бұрын да тіркелген.  

Максим Петров, геология және геофизика институты мұздық геологиясы орталығының меңгерушісі /Өзбекстан/:

- 1998 жылы Өзбекстан мен Қырғызстан шекарасындағы Шахимардан аумағында мұздық көл жарылды. Өкінішке орай, адам шығыны көп болды. Одан бөлек ондаған миллион доллар көлемінде шаруашылық нысандарына залал келді. Біз бұдан сабақ алуымыз керек. 

Халықаралық жоба аясында бес жыл ішінде жобаға қатысушы елдер ерте ескерту жүйелерін орнатып, қауіпті көлдердің жағдайын бағамдап шықты. Бұдан бөлек жергілікті тұрғындарды оқыту бағдарламалары да дайындалған. Ал қазір төрт елдің өкілдері тәжірибе алмасып, табиғи апаттардан қорғану шараларын күшейтуді жоспарлап отыр.  

Авторлары Бекзат Үшкемпір, Сержан Жұмабаев

Сондай-ақ оқыңыз: