Қазақстанда қоқыс өңдеу жобаларына 385 млрд теңге бөлінуі мүмкін

фото: ЖИ

Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу жобаларын қаржыландыру көлемін 385 млрд теңгеге дейін арттыру ұсынылды. Сонымен қатар бағдарламаны 2030 жылға дейін ұзарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев мәлімдеді.

Қазір жалпы құны 349 млрд теңгеге жуық 67 жоба мақұлданған. Оның 15-і іске асырылып, пайдалануға берілді. Осы жобалар аясында 131 қоқыс таситын көлік сатып алынып, жылына 290 мың тонна қалдықты сұрыптайтын үш нысан іске қосылды. Сондай-ақ шиналар мен макулатураны қайта өңдейтін үш нысан пайдалануға беріліп, 500-ден астам жұмыс орны ашылды.

Барлық 67 жоба толық іске асса, 178 арнайы техника сатып алынып, қалдықтарды сұрыптау қуаты жылына 2,3 млн тоннаға, ал қайта өңдеу қуаты 1,1 млн тоннаға артады, деді  Жомарт Әлиев.

Вице-министрдің айтуынша, өңірлерде қоқыс таситын көліктер паркін жаңарту, жаңа сұрыптау желілері мен қайта өңдеу қуаттарын іске қосу қажеттілігіне байланысты бағдарламаны кеңейту ұсынылып отыр. Сондай-ақ аудандар мен ауылдық елді мекендердегі мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға өз қаражатын қоспай-ақ бағдарламаға қатысуға мүмкіндік беру көзделген.

Бұдан бөлек, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қалдықтарды энергияға айналдыратын үш нысан салынады. Қытай компанияларымен жасалған инвестициялық келісімдердің жалпы құны 293 млрд теңге. Кәсіпорындарды 2028–2029 жылдары іске қосу жоспарланған. Олар полигондарға көмілетін қалдық көлемін азайтып, электр және жылу энергиясын өндіреді.

Сонымен қатар 2026–2030 жылдарға арналған қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасы аясында бірыңғай цифрлық платформа құру, қалдықтарды есепке алу және олардың қозғалысын бақылау, бұрын есепке алынбаған өнеркәсіптік әрі иесіз қалдықтарды түгендеу жұмыстары жүргізіледі.

Сондай-ақ оқыңыз: