Су тасқыны. Атыраудағы ахуал бақылауда

Атырау облысы Индер ауданында Жайық өзенінің деңгейі төмендеп келеді. Кеше 2 сантиметрге түсіп, 1 метр 35 сантиметр болды.

Бірақ Махамбет ауданына әлі де қауіп бар. Аудан орталығы мен Талдыкөл, Сарайшық ауылдарында жаға бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Өңірдегі ахуалды әріптесім Асланбек Шығыр тікелей эфирде баяндауға әзір.

  1. Жайықтың Каспийге құяр сағасы тереңдетіліп жатыр еді. Ол жұмыстар аяқталды ма?
  2. Мамандар су қашан қайтады деп болжайды? Ол жағынан хабарыңыз бар ма? 

Асланбек Шығыр, тілші:

Бүгін жағымды жаңалықтан бастайын. Иә, Индер ауданында су деңгейінің төмендегені байқалады.

Кеше 16:00-ден бастап 2 сантиметрге түскені туралы жақсы жаңалық алдық. Бұған дейін айтқанымыздай, “Атырау-Орал” тас жолынан Индербор кентіне дейінгі жолды су басып, көлік қатынасы қиындаған еді. Қазір Жайықтың арғы бетіндегі тұрғындар аудан орталығына қайықпен қатынап жатыр. Көктоғай, Өрлік, Есбол, Елтай және Ынтымақ, Аққала ауылдарының тұрғындары осы су көлігімен тасымалданады. Қайықтар таңғы 9-дан кешкі 7 жарымға дейін қызмет көрсетеді.

Қазір су басқан тас жолды қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Жуық арада реттеледі, дейді аудан басшылығы.

Жоғарыдан аққан Жайықтың мол суын қабылдап алатын Индер ауданында су деңгейінің төмендегені, әрине, жақсы жаңалық. Ал енді одан кейінгі Махамбет ауданының орталығы Махамбет ауылына, сондай-ақ Сарайшық және Талдыкөл ауылдарына тасқыннан келетін қауіп әлі сейілген жоқ. Жаға бекіту жұмыстары үздіксіз атқарылып жатыр.

Сарайшық ауылындағы археологиялық қазба орындарын тасқыннан қорғау маңызды міндет болып отыр. Өйткені көне Сарайшық қаласының орнында әлі зерттелмеген нысандар бар. Қазір сарбаздар, төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері мен ауыл тұрғындары жаға бекіту жұмыстарына жұмылдырылған.

Талдыкөл ауылынан 1000-ға жуық тұрғын қауіпсіз аймаққа көшірілді. Оның 200-ге жуығы облыс орталығындағы эвакуациялық пунктке орналастырылды. Қалғаны ағайын-туысының үйіне кеткен.

Қазір Талдыкөл ауылында 80-ге жуық адам жаға бекіту жұмыстарын атқарып жатыр. Ондағы қоғамдық қауіпсіздік те бақылауда. 30 тәртіп сақшысы ұрлықтың алдын алу мақсатында тәулік бойы күзетеді.

15 мамыр түнгі сағат 1 шамасында Махамбет ауданына қарасты Жалғансай ауылынының тұсында республикалық маңызы бар Атырау-Орал тас жолын су басқан еді. Қазір көлік қозғалысы шектелді. Ал енді қауіпті деген аймақтарда жолдың жиегіне бөгет салынып жатыр. Қазавтожол ұлттық компаниясының облыстық филиалының қызметкерлері мен техникалары осы жұмыстарға жұмылдырылған. Су басқан жол учаскесін судың деңгейі түскеннен кейін пайдалануға беретінін кеше мекеме өкілдері айтқан еді. Махамбет ауылы мен Орал қаласына қатынайтын жолаушылар облыстық маңызы бар «Атырау-Индер» тас жолы мен «Ортақшыл-Махамбет» көпірі арқылы жүре алады.

Атырау қаласындағы ахуал әзірге тұрақты. Су деңгейі қауіпті межеден бірнеше сантиметрге асты. Қазір Алмалы, Бесікті ауылдарына қауіп бар екенін жедел штаб өкілдері жасырмайды. Дегенмен әр қауіпті участокте кезекшілік ұйымдастырылып, тәулік бойы бақыланып отыр. Мысалы Алмалы ауылында “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері кезекшілік етіп жүр. 50-ге жуық сарбаз, 17 мемлекеттік қызметші мен 7 арнайы техника жұмылдырылған. Өңірдегі ахуал қазір бақылауда. 

Асланбек Шағыр, 24.KZ, Атырау облысы