Маңғыстауда «Жасыл ел» жастар жасағы сенбілік өткізді
Маңғыстауда «Жасыл ел» жастар жасағы тарихи орында сенбілік өткізді.
Бұл «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған кезекті ауқымды шара. Жалпы наурыздан бері тазалық жұмыстары кезінде туристік жерлерде бір мың тоннадан астам қоқыс жиналды. Бұл жолы 20 белсенді жас «Отпан тау» тарихи-мәдени кешені аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Сенбілік кезінде туристерге қасиетті мекенді таза ұстаудың маңыздылығы түсіндірілді. Айта кетсек, бүгін аймақта «Сәтті сәрсенбі» атауымен тазалық акциясы басталды. Президент тапсырмасына сәйкес Ақтауда теңіз жағажайларын абаттандыруға мемлекеттік қызметшілер және жас буын өкілдері белсене қатысып жатыр. Челлендж келесі сәрсенбіде Жаңаөзенде «Кендірлі» демалыс орнында жалғасады.
Аида Аманқос, «Жасыл ел» жастар жасағының мүшесі:
-«Жасыл елде» өзіміздің қоршаған ортаны тазалауды, баптауды үйрендік. Басқа да жерлерге саяхаттап барып ол жақты да жинап, көріп, қызықтап қайтып жатырмыз. Жалпы «Жасыл ел» дегеніміз өте жақсы жұмыс орны. Өзіміздің экологиямызға, тазалыққа мән береміз бірінші бастан. Балалармен араласамыз жаңадан келген. Жан-жағымызды танып білеміз.