«Таза Қазақстан» акциясы аясында «Алматы жазы» шарасы басталды

«Таза Қазақстан» жалпы республикалық акциясы аясында «Алматы жазы» шарасы басталды.

26 маусым мен 6 шілде аралығында мегаполисте субұрқақтар, өзендер мен арна жағалаулары, арық желілері тазартылып, қураған ағаштар кесіледі. Сондай-ақ аялдамалар, бағдаршам, жол көрсеткіштері мен белгілер ретке келтіріледі.

Алматыда 150 субұрқақ бар, оның 66 коммуналдық меншікте, ал 84-і жеке аумақта. Коммуналдық меншіктегі субұрқақтар кестеге сәйкес суы ай сайын ағызылып, жабдықтар тексеріліп, арнайы құралдармен тостағаны жуылып, тазартылады. Ал жеке аумақта орналасқан субұрқақтардың жағдайы мәз емес, қараусыз қалған. «Алматы жазы» акциясы аясында олар да қалалық нысандармен бірге ретке келтіріледі.

Әлинұр Бәкенов, Алматы қ. Экология және қоршаған орта басқармасының бас маманы:

- Алматы қаласындағы жалпы ұзындығы 1525 шақырым болатын арық желілері де тазартылады. Сондай-ақ шара барысында 700 қоқыс төгетін алаңды жуып, дезинфекциялау жоспарланып отыр. 

Алматыда 6 мыңға жуық ағаш апатты жағдайда. Дауыл, қатты жел мен нөсер кезінде қураған ағаштар адамға қауіп төндіреді. Сондықтан ауқымды тазалық шарасы аясында ескі талдарды кесу жоспарланған. Сондай-ақ аулалар, аялдама кешендері, қоқыс тастайтын орындар, өзендер мен су аймақтары жөнге келтіріледі. 

Дулат Әшкенов, Алматы қ. Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы:

- Осы шара аясында санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіліп, қаланың барлық инфрақұрылымы талапқа сай ретке келтіріледі. 2777 шақырым жол, яғни шамамен 2 мыңнан астам көше бойы тазартылады. Және қаладағы 1000-ға жуық аялдама кешендері жуылып шайылып, қажет болса, боялады.  

Тазалық шарасы «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанының жазғы уақыттағы жалғасы. Тазалық онкүндігіне қалаға жанашыр адамдар да атсалыса алады.

Гүлжан Көленқызы