«Таза қала» атты жобада Қызылорда көш бастап тұр

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында қолға алынған «Таза қала» атты жобада Қызылорда көш бастап тұр.

Республикалық экологиялық акцияны науқандық шара емес, өмірлік дағдыға айналдырған сырбойылықтар шаһарды күл-қоқыстан тазартты. Дегенмен облыс орталығында қараусыз қалған саябақ көп. Тұрғындар аңызақ күндері тынығатын көлеңкелі сая таппай қиналады. Осы ретте жергілікті билік назардан тыс қалған гүлзар-аллеяларды қайта жаңартуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар қаладағы жалғыз демалыс паркі де жаңа кейіпке енбек.

Балаларды еріксіз өзіне тартатын аттракцион-әткеншектері бар жалғыз қалалық мәдени және демалыс паркі осы. Жылда жөнделіп, әрлеу жұмыстары жүргізілгенімен тым тар дейді,- тұрғындар. Сондай-ақ сауда-саттық орындары бей-берекет орналасқан. 

БЛИЦ: 

- Парк тарлық етеді бізге. Басқа бір көрнекті, кеңдеу, жақсы демалатын жер керек көгалы бар.

- Паркке үлкендердің аттракциондарын қосу керек. Бұл жақта кішкентайлардың аттракциондары көп. Және де жастарға арбат деген сияқтыларды көбейту керек.

- Ішінде былайынша аттракциондардың барлығы жақсы. Бірақ шамалы ескілеу. Қызылордада баратын жерлер аз ғой. Осы парк пен Президент паркі ғана. Соны көбейту керек.

- Қызылорда қаласында демалатын орындар өте аз десек болады. Мысалы жануарлар бағы, жануарлармен жүретін және отыратын жер өте аз.

Тұрғындар тілге тиек еткен Тұңғыш Президент паркі қала шетінде. Мұнда тек көкмайсаға дастарқан жайып, көпшілік отбасылық қуаныштарын тойлауды әдетке айналдырған. Салқын самал аңсаған жұрт кешкілік осында ағылады. Саябақ пен автотұрақ тағы тарлық етеді. Аумақты зерттеген қала әкімдігі аталған парк пен Денсаулық аллеясы арасын жалғау жөнінде шешім шығарды.    

Серік Қожаниязов, қала әкімі:

- Дария жағалауында үлкен «Шолу шеңберін» қоямыз. Қазір соны ойластырып жатырмыз. Басты мақсаттың бірі халыққа демалыс орнын көбейту. Көбінесе қала ішіндегі талдар өсіп тұрған жерге жасаймыз. Тақырға 10 жерден ойын-сауық орталығын сал, 10 жерден орындықтар қойғанмен көлеңке болмаса халық келмейді. Сол себепті тал көп өсіп тұрған барлық жерді халыққа ыңғайлы етіп жасау керек. 

Қамбар Бекенов, тілші:

- Сырдарияның бойына Қорқыт ата ескерткішін қойылғанына да 25 жылдай уақыт болды. Ширек ғасыр өтсе де бұл аумақтағы гүлзар сырбойылықтардың сүйікті мекеніне айналмады. Себебі мұнда тұрғындардың тынығуына қолайлы жағдай жасалмаған. Аяқсу жүйесі жөнді суғармағасын егілген гүл шықпай, талдар солғын тартып тұр.   

Серік Қожаниязов, қала әкімі:

- Бүгінгі жағдайы халық демалуға ыңғайлы емес. Соны облыс әкімінің тапсырмасы бойынша эскиздік жобасын жасап қойдық. Бұл жерге сырттан архитектор, жобалаушылар шақырмаймыз. Өз күшімізбен жасаймыз. Бұл жұмыстарды биыл бастап, биыл бітіреміз.     

Шаһар басшылығы шет аймақтарда орналасқан шағын гүлзарларды да назардан тыс қалдырмаймыз деп отыр. Қаланы қақ жарып өтетін Сарқырама каналының арнасы өзгертіліп, айналасы абаттандырылмақ.

Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев