Балықты өзенінің бойы тазартылды

Талдықорғанда «Таза бейсенбі» акциясы шеңберінде Балықты өзенінің бойы тазартылды, деп хабарлайды 24KZ.

«AMANAT» партиясы ұйытқы болған шараға мектеп мұғалімдері, қоғамдық кеңес өкілдері қатысты. 100-ден аса экобелсенді жарты сағатта бір көлікке жүк болар тұрмыстық қалдықты жинады. Осылайша, тұрғындар көкке шығып, табиғат аясында тынығатын жағалауды ретке келтірді. Бұл – қоғамдық институттың өткізіп отырған кезекті сенбілігі. Партия өкілдерінің айтуынша, әр бейсенбіде өтетін санитарлық жұмыстар нәтижесінде облыстағы 400-ден астам аумақ тазаланып, 560 тонна қоқыс шығарылған.

Айман Алқұмарқызы, мұғалім:

- Көкке шыққан кезде әр адам өзі жинап жүрсе, өзіміздің ортамызды, өзіміздің жерімізді таза ұстап отырсақ, мұндай қоқыс болмайды ғой. Жағажай тап-таза болады ғой.

Ерғазы Қошанбеков, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы:

- Талдықорған таза қала болатын болса, келген қонақтарымыз да, тұрғындарымыз да, шетелден келген туристеріміз де жақсы пікірде болып қайтады. Бұл – біркүндік акция емес, ұзақ акция. Сондықтан жылдың қай мезгілі болса да, біздің қаламыз көркем, таза, әсем қала болуы үшін атсалысып жатырмыз.