«Таза Қазақстан»: Қарасай ауданында жастар зейнеткерлерге жәрдемдесті
Алматы облысындағы «Жасыл ел» еңбек жасақтары Қарасай ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында іс-шара ұйымдастырды, деп хабарлайды 24kz.
Олар Әйтей ауылының көрікті жерлері мен ардагерлер үйінің ауласын абаттандырып, қоқыстан тазартты. Қарасай ауданында 300 мыңдай халық тұрады. Соның үштен бір бөлігіне жуығы жастар. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына Алматы облысы бойынша 660 мың адам қатысып, 22 мың тонна қоқыс жиналды. Тұрмыстық қатты қалдықтардың төрттен бір бөлігі қайта өңдеуге жіберілген.
Жарқынай Қыдырханқызы, Қарасай аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
- Бізде жалпы Қарасай ауданында 500-ге жуық еріктіміз бар. Сол ерікті жастарымызбен бірге осы жылдың басынан бері 100-ге жуық отбасыға қол ұшымызды беріп, қайырымдылық жұмыстарын жүргіземіз. Оның ішінде осы тазалық жұмыстары да жатады. Сонымен қатар жаңағы азық-түлік беру себеттерін де таратамыз.
Зейнепхан Қамысбаева, зейнеткер:
- Міне, Әйтей ауылының әкімшілігі ұйымдастырған жастар қоғамының жастары келіп, есіктің алдын жинап, шөптерді орып, ағаштардың жапырақтарын, мінекей, жинап, теріп жатыр. Балаларға үлкен рақмет! Жаңа Қазақстан дейді. Жаңа Қазақстандарың көгеріп-көктей берсін! Өсіп-өне берсін балаларым!