Өскеменде еріктілер өзен жағалауын тазалады
Өскеменде «Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық белсенділер болашақта қалалық жағажай жасақталатын алаңда тазалық жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды 24kz.
Ұзақ уақыт иесіз жатқан аумақтан 200 қаптан астам қоқыс шығарылды. Жалпы облыс орталығында экологиялық акция сәуір айының басынан бері жалғасып келеді. Бүгінге дейін табиғат жанашырларының көмегімен 492 аумақ абаттандырылып, 500-ден астам ағаш көшеттері егілді. Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Тәнекенов алдағы уақытта тазалық жұмыстары саябақтар мен скверлерде жалғасады дейді. Сонымен қатар жастар жеке секторда тұратын зейнеткерлердің ауласын тазалауға жәрдемдеспек.
Қайрат Тәнекенов, қала әкімінің орынбасары:
- Еріктілермен, қоғамдық бірлестіктермен және экологиялық ұйым өкілдерімен бірлесіп осы жағалауды тазалауды жөн көрдік. Бұдан бөлек саябақтар мен демалыс орындарында да тазалық жұмыстары қатар жүріп жатыр.
Балым Балтабаева, қала тұрғыны:
- Бұл жерді жақында ғана тазалап кеткен едік. Қайта шашылып жатыр. Әрине өкінішті. Сондықтан қала тұрғындарын қоршаған ортаға жанашырлық танытуға шақырамын.