Астанада спортшылар қалалық сенбілікке қатысты
Елордада спорт саласының мамандары жалпықалалық сенбілікке қатысты, деп хабарлайды 24kz.
Тазалық шарасы қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Нұра ауданы әкімдігімен ұйымдастырылды. Экологиялық акция барысында бес ауданда 2 мыңнан астам жасыл желек, ал Хан Шатыр маңында емен, қайың, қарағай сынды 100-ден астам ағаш егілді. Сенбілікте шорт-тректен әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпазы Абзал Әжіғалиев, қысқы Универсиаданың күміс жүлдегері Малика Ермек, футболшы, Қазақстан Медиа футбол федерациясының тұңғыш президенті Дидар Сыдықбек болды. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпиондары мен елшілері де сенбілікке қатысты.
Азамат Ағзамов, Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы спорт бөлімінің басшысы:
- Бүгінгі сенбілікке спорт саласының мамандары, спорт бассқармасына қарасты мекемелердің, спорт мектептерінің басшылары, спортшылары қатысып отыр. Жалпы 100-ден астам спортшы тек осы локацияда. Сосын әр мекеме өзінің жұмыс орнының қастарында сенбілік жасалып жатыр.
Серікбек Күнтуған, құсбегі:
- Өзіміздің елімізде тұрғаннан кейін қаламызды таза ұстауымыз керек деп сол спортшыларымыз бар осында келіп, бірге тал отырғызып, халықпен бірге қолымызды тигізіп жатырмыз.