22 қыркүйек – Дүниежүзілік мүйізтұмсық күні

Жойылып бара жатқан мүйізтұмсық түрлерін сақтап қалу қажет. Осыған орай Дүниежүзілік жануарлар ұйымы 22 қыркүйекті мүйізтұмсық күні деп жариялаған.

Оның мүйізі аса бағалы саналады. Сондықтан браконьерлер жиі шабуыл жасап, мүйізін кесіп алып кетеді. Алматы хайуанаттар бағында мүйізтұмсықтың үшеуі бар. Жануарлардың күйі қандай? Біздің ортаны қалай жерсінді?

Бек Беркімбеков 12 жылдан бері Алматы хайуанаттар бағында жұмыс істейді. Арасында басқа ортаны да көрейін деп, өзге іспен айналысып көрген. Бірақ жануарларды сағынып қайтып келген. Қазір Қуат, Сезім, Самал атты мүйізтұмсықтарды қарайды. Олар да Бекті жақсы біліп алған. Қолынан щетка көрсе, үсті-басын қасытпақ болып тұра жүгіреді. Оның айтуынша, күтімі қиын емес. Үй жануары сияқты қараса жетіп жатыр. 

Бек Беркімбеков, хайуанаттар бағының жұмысшысы:

- Мүйізтұмсық күтімі тура мал сияқты. Жемшөп талғамайды. Көкөністен картоп, сәбіз, қызылша. Көкөністен сондайды жейді. Мүйізтұмсық таза суды өте қаламайды. Шұңқыр қазып, соған су ағызып қойғанбыз. Сол жерде балшыққа аунайды. Шұңқырға сары топырақтан салып тұрамыз.

Жабайы табиғатта да денесіне жабысқан зиянды жәндіктерден осылай балшыққа аунап құтылады. Оған қоса жарақаты тез емделеді. Алматыға 3 мүйізтұмсық Оңтүстік Африкадан әкелінген. 2006 жылы алдымен 3-4 жастағы бір еркегі мен бір ұрғашысын жеткізген. Кейін тағы бір аналығын әкеп қосқан. 2-3 жылдан соң қолға үйреніп, жерсініп кеткен.     

Балабек Мақатов, хайуанаттар бағы тұяқтылар бөлімінің меңгерушісі:

- Хайуанаттар бағында өмір сүріп жатқан 3 бас мүйізтұмсық бұлар ақ мүйізтұмсық деп саналады. Бұл ақ мүйізтұмсық басқа мүйізтұмсықтарға қарағанда ең ірі болып келеді және адамға жақын деп есептеуге болады. Африкалық малдарды біз 12-14 градустан төмендегенде ғана қысқы тұрақтарына кіргіземіз.

Мүйізтұмсық – пілден кейінгі аса ірі жануар. Салмағы 4-тен 6 тоннаға дейін жетеді. Бұдан өзге Суматра, Ява, Үнді, қара мүйізтұмсық деген түрлері бар. Мүйізі бағалы саналады. Сондықтан оған браконьерлер әуес. Тропиктік ормандар мен саванналарда мекендейді. 60-70 жылға дейін тіршілік етеді.

Всеволод Тюркин, турист:

- Біз мүйізтұмсықтар мекендейтін жабайы табиғатқа бара алмаймыз. Мен өзім хайуанаттарды жақсы көремін. Әлемнің біраз елінінің осындай бағын аралап көрдім. Бұл жерде мүйізтұмсықтардың күйі жаман емес. Ширақ. Төл алса, тіптен керемет болар еді.

Мал дәрігерлерінің айтуынша, хайуанаттар бағында тұрған мүйізтұмсықтардың төлдеуі – сирек құбылыс. Расында Алматыға әкелгелі 20 жыл ішінде мүйізтұмсықтардан әлі төл алмаған. 

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сұлтан Бейсекенов.