Өскеменде қалдықтарды қауіпсіз сақтау жобасы жүзеге асырылып жатыр
Шығыс Қазақстан облысының өндіріс орындары алдағы екі жыл ішінде қоршаған ортаға таралатын зиянды қалдықтар мөлшерін 10 мың тоннаға дейін азайтуға тиіс, деп хабарлайды 24kz.
Ірі кәсіпорындарға өңір экологтары осындай міндет жүктеген.
Өскемендегі ауыр металлургия өндірісінде қалдық газды тазарту жүйелері орнатылса, шаһардағы бас жылу электр орталығында қазандықтар жаңартылады. Ауқымды жобалардың қатарында жерасты суларының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылғыларымен жабдықталған күл полигондары да бар. Бұл нысан ескі қоқыс алаңында жасақталады.
Өскеменнің шетіндегі ескі карьер қаладағы ең ірі жылу электр станциясының қалдықтарын сақтайтын полигон ретінде жасақталған. Жоба авторлары өндірістен шыққан күлді сақтаудың экологиялық тұрғыдан ең тиімді әдісін ұсынған. Өзге өңірлерде тау-тау үйінді болып жатса, мұнда ойпатты жер таңдалып алынды. Ол үшін 55 гектар аумақ тазартылып, тиісті инженерлік желілер тартылды. Жерасты суларының тазалығын қамтамасыз етуге барлық жағдай жасалады.
Данияр Нұғманов, ЖЭО директоры:
- Біздің қож сақтау орнының ерекшелігі бар. Бұл жердегі саздың сапасы жоғары. Сондықтан да бұрын кірпіш өндірісінде қолданылған. Бұл саздың өзі табиғи сүзгі деп айтуға болады.
Өндірістік қалдықтар полигонын қолдану мерзімі 11 жыл. Экологтар «стартегиялық нысанда сақталатын үйінділерді болашақта қайта өңдеуге де болады», дейді.
Марина Стрельцова, эколог:
- Әлемдік тәжірибеге жүгінсек, мәселен, Санкт-Петербургте көмір күлінен баспана тұрғызылып жатыр. Бұл құрылыс материалының құрамында ешқандай радиация жоқ. Адам ағзасына зияны болмағандықтан кеңінен қолдануға болады.
Сонымен қатар Өскеменде экологиялық ахуалды оңалтуға бағытталған жол картасы енгізіліп жатыр. Қырықтан астам жоба жүзеге асырылады. Ауыл металлургия алпауыттары қалдық газдарды кейінгі тазарту жүйесін енгізеді, ал жылу электр орталығы қазандықтарды жаңартып, қоршаған ортаға таралатын зиянды қалдықтардың жылдық мөлшерін 8 тоннаға азайтуы тиіс.
Наталья Гажема, ШҚО Экология департаментінің бас маманы:
- 2022 жылмен салыстырғанда қоршаған ортаға таралатын зиянды қалдықтар көлемінің азайғандығын байқауға болады. Бұрын бірінші санаттағы кәсіпорындар үшін шектеу мөлшері жылына 104,7 мың тонна болса, 2024 жылы 94,5 мың тонна болып отыр.
Ірі өндіріс орындары өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүдделі. Сондықтан биыл зауыт пен фабрикаларда түрлі сүзгілер мен тазарту жүйесін орнатуға 11 млрд теңгеден астам инвестиция құю көзделген.