Қазақстанда пластик қалдықтары шетелге экспортталып жатыр

Елде қоқыс экспорты артты. Алғашқы жарты жылда 11 мың тоннасын сыртқа жөнелттік. Осы қоқысты қайта өңдеу жолға қойылған ба? Саладағы ахуал қандай?

Пластикті қайта өңдеушілер шикізатқа зәру

Пластик қалдықтарын қайта өңдеушілер шикізатқа зәру. Қаптаушылар қауымдастығына мүше 14 кәсіпорын жалпы қуатының 30%-ін ғана кәдеге жаратып отыр. Ірілерінің өзі 50%-ке әрең жетеді. Өкінішке қарай, пластик қалдықтарының пайдасын ешкім көріп жатқан жоқ. Жыл сайын 100 мың тонна қоқыс табиғатты ластайды. Себебі жойылуы қиын. Әлемде әр минут сайын 1 млн пластик құты пайдаланылады екен. Алайда қайта өңделетіні шамалы. Бұл мәселе біздің елде де өзекті. Қаптаушылар қауымдастығының төрағасы Батырбек Әубәкіров отандық қайта өңдеушілердің құтыларды ұсақтауға ғана дәрмені жететінін айтады. Оның өзі 3,5 мың тонна шамасында. Ал көрші елдерде қайта өңделген пластиктен сырт киім, көрпе, басқа да бұйымдарға арналған өнімдер шығарылады.

 

Қоқыс экспорты жылдан-жылға артып жатыр

Есесіне пластик қалдықтардың дені шетел асып жатыр. Қаңтар-шілде аралығында Қазақстан 29%-ке көп қоқысты экспорттады. Жарты жылдан аса уақытта 11 мың тоннасын жөнелттік. Ұлттық статистика бюросы кейінгі жылдары экспорт көлемі еселеніп жатқанын жеткізді.

Былтыр 16 мың тонна пластик қалдығы экспортталды. Негізгі импорттаушы ел – Ресей. Оларға 6 мың тоннаға жуық қалдық жіберілді. Тізімді Өзбекстан жалғайды. Мұнда экспортталған бұйымдардың 44%-і жөнелтілген.

Батырбек Әубәкіров, Қазақстан буып-түюшілер қауымдастығының төрағасы:

- Қоқыс ел сыртында емес, ішінде өңделу керек. Біз экологияға ғана емес, экономикаға да үлесімізді қосқымыз келеді. Өкінішке қарай, Ресей, Қытай, Өзбекстан бізден көш ілгері тұр. Біз ілесе алмай келеміз. Шикізат қана емес, бізде дұрыс заң да жоқ. Біз пластикті ұсақтап береміз. Ал импорттаушы елдер сол өнімнен басқа заттар шығарады. Сосын өзімізге дайын өнім ретінде қайта сатып отыр.

 

Былтыр 1 млн тонна қатты қалдық сұрыпталды

Былтыр елде 4 млн тоннадан аса қатты тұрмыстық қалдық жиналды. Оның 24%-і ғана қайта өңделген. Қалдықты өңдеу мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Өйткені лайықты инфрақұрылым жасақталмаған. Қазір құзырлы министрлік жүзге тарта жобаны қарастырып жатыр. 35-не қаражат бөлінді. Ал жергілікті атқарушы органдар қоқысты сұрыптауға арналған контейнерлер мен арнайы техника алуға қамданып жатыр. Сұрыптау желілері де іске қосылады. Десе де сарапшылар: «Халық пен бизнесті қоқысты сұрыптауға және қайта өңдеуге ынталандыру қажет», – дейді. Мемлекеттік сатып алуда отандық қалдықтардан жасалған өнімдерге басымдық беру керек. Заңды да пысықтау маңызды.