Атырауда бес кәсіпорын автоматтандырылған мониторинг жүйесіне қосылды

Атырауда бірінші санаттағы бес ірі кәсіпорын автоматтандырылған мониторинг жүйесіне қосылды, деп хабарлайды 24kz.

Табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаға тигізетін зиянын бақылау және азайту жобасын өңірде алғашқы болып Атырау жылу электр орталығы енгізді. Былтырдан бастап құбырдан шығатын түтін мен пайдаланылған судың құрамын зерделеу үшін кәсіпорын 7 арнайы қондырғы орнатқан. Мекеме басшылығы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында мониторинг жүйесінің жұмысын көрсетті. Онлайн режимдегі мәліметтер әр 20 минут сайын ауысып отырады.

Мақсот Әленов, «Атырау жылу электр орталығы» АҚ президенті:

- Датчиктер тұрбаның ішінде орналасқан. Бізден шығып жатқан шығындыларымыздың бәрін ішіндегі  құрамын зерттеп, мәліметтің бәрін өзіміздің мониторингке шығарады. Арнайы адамдарымыз бар. Бәрін бақылап отыратын. Ол мәліметтер біздің Атырау облысындағы Экология департаментіне беріліп, отырады. Таза ауа, таза экология болу үшін арнайы жасалып жатқан шаралар.