«Жасыл елге» – 20 жыл!

«Жасыл ел» жастар еңбек жасағының құрылғанына 20 жыл толды.

Ақтөбеде мерейтойлық маусымның жабылу салтанаты өтті. Студенттердің табыс көзіне айналған қозғалыс жиырма жыл бұрын дәл осы өңірде басталған еді. Салтанатты жиында еңбегімен көзге түскен үздік сарбаздар марапатталды.

Болашақ теміржолшы Бекнұр Орынбасаров биыл екінші рет «Жасыл ел» жасағында еңбек етті. Белсенді студентті колледж оқушылары топтың жетекшісі ретінде сайлаған. Қаланы абаттандырып, «Таза Қазақстан» акциясы аясында өзен-көлдердің жағалауын қоқыстан тазартуға үлес қосты.

Бекнұр Орынбасаров, студент:
- Ең басында қызық болды. Басқа студенттермен бірге жұмыс істеп, бір жағынан ақша да тауып, екінші жағынан өз қалаңа деген үлесіңді қосып, тазартып, оны көгалдандыру деген сияқы. Сондай себептермен барған болатынмын. Өз қаласына деген, өзіне деген бір адалдық жауапкершілікті арттырады.

Бұдан бөлек студенттік құрылыс отрядтары мен «Жасыл ел» еңбек жасағы жастар үшін алғашқы еңбек орны ретінде де таптырмас тәжірибе көзі. Биыл 2 000 ақтөбелікті қамтып отыр. Ал жиырма жыл ішінде ауыл мен қаланы абаттандырып, жаңа ғимараттарды салуға 80 мыңнан астам жас үлес қосқан. Жалпы 2004 жылы Ақтөбеде бастау алған игі іс бір жылдан кейін еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасын тапқан болатын.

Нұржан Шаңғытбаев, облыстық «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының төрағасы:
- Алғаш басталған кезде, әрине, бұл тек студенттердің жазғы маусымында ғана еңбек етуге ашылған қозғалыс болды. Қазіргі таңда бұл жерге жоғары сынып мектеп оқушыларын қосып отырмыз. Және де NEET категориясындағы жастарымыз бар, жұмыссыз жастарымыз бар. Енді 2005 жылдары 30 мыңдай көлемінде жалақы алса, қазір 150 мыңнан 170 мыңға дейін жалақылары қолына тиетін жастардың.

Маусымдық табыстан бөлек, жастар қозғалысының дәстүрлі марапаты да бар. Үздік сарбаз, еңбекке бейім өрендерді тәрбиелеп отырған үздік оқу орны, жастар ісі жөніндегі белсенді комитет пен тәжірибесі жоқ бозбала-бойжеткендерді тартынбай жұмысқа алып, тұрақты әріптеске айналған кәсіпорындар да салтанатты жиында аталып өтті. Еңбегі еленген жүз студентке Елордаға тегін жолдама табысталды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов