Павлодарда «Жасыл әлем» жобасымен экскурсия ұйымдастырылды

Республикалық «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы шеңберінде Павлодардың «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары экология және туризм орталығына барды, деп хабарлайды 24kz.

«Жасыл әлем» жобасы бойынша ұйымдастырылған экскурсия «Жас эколог» музейінен басталды. Онда Ертіс өңірінің фаунасы мен флорасынан мағлұмат беретін көптеген жәдігер сақталған. Жастар тропикалық жемістер мен өсімдіктер өсетін  жылыжайды да аралады. Экологиялық орталықтың оранжереясында анар, лимон, авокадо, киви, кофе ағашы мен  жапон фортунелласы сынды жеміс түрлері өседі. «Жасыл ел» студенттердің еңбек жасағы сәуір айынан басталған тазалық акциясына үзбей қатысты. Олар енді «Жасыл әлем» жобасын қолға алды.

Арина Краскова, «Жасыл ел» еңбек жасағы қалалық штабының командирі:

- «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында біз көптеген іс-шара атқардық. Ол тек тазалыққа ғана емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталды. Бүгін біз студенттерді экология және туризм орталығына экскурсияға алып келдік. Мақсатымыз – «Жасыл әлем» жобасы арқылы олардың бойына қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын сіңіру. Табиғат үшін әрбір жапырақтың құнды екенін түсіндіру.