Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінде экоакция ұйымдастырылды

Өзбекстан астанасында тұратын Қазақстан азаматтары экоакция ұйымдастырды, деп хабарлайды 24KZ. Тәуелсіздік күніне орайластырылған іс-шараға елшілік бастамашы болып, бизнес өкілдері қолдау көрсеткен. Оның барысында отандастарымыз ерекше ұйымшылдық танытты.

Игі істен дипломатиялық миссия өкілдері ғана емес, осы елде жұмыс істейтін қазақстандық 20-ға жуық компания мамандары шет қалмады. Олар отбасы мүшелерімен елшілік ғимаратының ауласына 100-ге тарта ағаш егіп, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Бастамаға қолдау білдіргендер Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейге шыққанын атап өтті. Осы күні қос елдің бизнес өкілдері экономикалық байланыстарды нығайтуға серпін беріп отыр. Кәсіпкерлер бұл бағыттағы жұмысты жүйелі жүргізіп, бірлескен жобаларды көбейтуге ниетті.

Ерболат Есжанов, қазақстандық компания директоры:

- Бүгінгі мақсатымыз Ташкент үлкен қала, экологияға үлес қосу мақсатында ағаштар отырғызып жатырмыз және басқа Қазақстан азаматтарымен танысу, әңгімелесу мақсатында келдік. Бүгін бас қосқанымызға Қазақстан елшілігіне көп рақмет.

Данияр Маханов, банк саласының қызметкері:

- Бүгін Тәуелсіздік күніне орай елшілікке келіп, ағаш егу акцияна қатысып жатырмыз. Өзбекстанда банк саласында жұмыс істейміз. Баршаңызды мейраммен құттықтаймыз.