Қазақстандағы ірі кәсіпорындар кешенді экологиялық рұқсат алуы керек

Келер жылдан бастап Қазақстандағы ірі зауыттар мен кәсіпорындар кешенді экологиялық рұқсат алуы керек. Бұл қоршаған ортаны ластамау мақсатында жасалып отыр. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Жомарт Әлиев Алматы тұрғындарымен кездесуде айтты. Ол халықпен кездесуде «Таза Қазақстан» мемлекеттік тұжырымдамасының міндеттерін жан-жақты түсіндіріп, сұрақтарына жауап берді.

Сонымен қатар жыл соңына дейін кәсіпорындарда автоматты бақылау жүйесін орнату жұмыстары аяқталады. Бұл жүйелер мамандарға шығарындылардың көлемі мен сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Жомарт Әлиевтің айтуынша, мұндай жүйелер қазірдің өзінде 91 кәсіпорынның 68-інде орнатылған.

Жомарт Әлиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:

- Биыл Экологиялық кодекс нормалары тұрғысынан бірқатар маңызды іс атқарылды. Қазір ең жақсы қолжетімді технологияға көшу бойынша 16 анықтамалық әзірленді. Кешенді экологиялық рұқсаттар алу бізге әрбір кәсіпорында өндірістік циклді кезең-кезеңімен жаңғыртуды бастауға мүмкіндік береді.