Келер жылы Ресейден Қазақстан аумағына 3-4 Тұран жолбарысы әкелінеді

Осылайша, елімізде 70 жыл бұрын жойылған популяция қайта жанданбақ. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бүгін Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды 24kz.

Оның сөзіне сүйенсек, биыл Тұран жолбарысы мен Пржевальский жылқысын, тарихи мекенінде жерсіндіру бойынша екі ірі жоба қолға алынды.

Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайта жерсіндіру бағдарламасы шеңберінде Алматы өңірінде Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты құрылғаны белгілі. Жабайы жануардың табиғи азық қорын қайта қалпына келтіру үшін 2018-2024 жылдары резерват аумағына 205 тоғай бұғысы әкелінді, 100-ден астам құлан көшірілді, еліктер мен қабандар популяциясы көбейтілді.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Тек қана инфрақұрылымын жасауға жаһандық жабайы аңдарды қорғау қорынан ақша бөлініп жатыр. Екі жолбарыс Нидерландыдан әкелінді. Келесі жылы 3 немесе 4 бас жолбарысты Ресейден аламыз. Олардың бәрі тегін беріледі.

Алдағы 5 жыл ішінде Еуропадан Қазақстанға Пржевальский тұқымының 40 жылқысы әкелінеді. Бұрын бұл жануарлар еліміздің Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарын мекен еткен. Пржевальский жылқысы жабайы табиғат аясынан 1960 жылдары жойылып кеткен болатын. Алайда, министрлік халықаралық ұйымдармен бірлесіп, биыл Қостанай облысындағы «Алтын Дала» резерватына Прага хайуанаттар бағынан 7 Пржевальский жылқысын әкелді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Шетелдік ұйымдардың қолдауымен Қазақстанда Тұран жолбарысы мен Пржевальский жылқысының популяциясын қайта жаңғырту бойынша бірегей жобалар іске асырыла бастады. Жануарлар дүниесінің сирек кездесетін түрлерін және тұтастай алғанда еліміздің биоалуандылығын сақтау жөніндегі маңызды жобаларды жалғастыру қажет.

Елімізде қар барысына арнап, жалпы аумағы 3,6 млн гектар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылды. Барыстарды есепке алу әдістері, спутниктік телеметрия мен фототұзақтар қолданылады. Он бір барыс арнайы мойын қарғысымен таңбаланды. Бұл шаралардың нәтижесінде олардың саны 90-жылдардағы ең төменгі деңгейден екі еселеніп, 180-ге дейін жетті.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Ителгіні жойылып кетуден қорғау мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді. Құстың бұл түрі халықаралық табиғатты қорғау одағының қызыл тізіміне енгізілген. Ол елдегі ең ірі сұңқар саналады. Сондықтан оның санын қалпына келтіруге жағдай жасау үшін ғылыми негізде шаралар қабылдау қажет. Экология министрлігіне Ғылым және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, ителгінің өзекті санын анықтап, оны қайта жерсіндірудің тиімділігін бағалауды тапсырамын.

Тәуелсіздік жылдары Республикадағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды кеңейту жұмыстарының арқасында алаңдардың жалпы көлемі 869 мың гектардан 30,9 млн гектарға дейін ұлғайтылды. Соңғы 18 жыл ішінде сирек кездесетін тоғай бұғысы, құлан, арқар және қарақұйрық популяциясы айтарлықтай өсті.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Асхат Қарақойшиев, Еламан Мұстафа