Елімізде сирек кездесетін жануарлар саны өсті
Елдегі жануарлардың 227 түріне жойылып кету қаупi төнген. Оның ішінде 131 түрі омыртқалылар болса, 96-сы омыртқасыздар. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлайды 24kz.
Бүгінде ведомство Зоология институтының биологиялық негіздемесі бойынша Халықаралық табиғатты қорғау одағының талабына сәйкес тізбені жаңарту жұмыстарын бастады. Нәтижесінде тізімнен 21 омыртқасыз жануар түрін шығару мен 6 омыртқасыз және 5 омыртқалы жануар түрін енгізу ұсынылды. Тәуелсіздік жылдары Республикадағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды кеңейту жұмыстарының арқасында алаңдардың жалпы көлемі 869 мың гектардан 30,9 млн га дейін ұлғайтылды. Соңғы 18 жыл ішінде сирек кездесетін тоғай бұғысы, құлан, арқар және қарақұйрық популяциясы айтарлықтай өсті.