Алматылық оқушылар бір айда 1,2 млн пластик қақпақ жинады

Алматылық оқушылар бір айда 1 млн 260 мың пластик қақпақ жинады, деп хабарлайды 24kz.

«Таза Қазақстан» жалпы республикалық акциясына, осылайша, үлес қосқан балалар қалдықтарды арнайы орталыққа әкеліп өткізді. Әу баста бірнеше мектептен басталған экологиялық шара кейін ауқымы кеңейіп жастар тарапынан қолдау тапқан.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Қазіргі таңда пластик ыдыс жиі пайдаланылады. Бір өкініштісі, кейбір адамдар оны қолданып болған соң әр жерге тастап кете береді. «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы аясында аумақты пластик қақпақтан арылту бастамасына 200-ден астам мектеп пен балабақша атсалысқан. Оқушылар бір ай бойы қоғамдық орындардағы, өз үйлеріндегі және мектеп айналасындағы пластик қақпақтарды жинапты.

Мысалы №147 гимназияның оқушылары 15 келіден аса қақпақты сұрыптап, экологиялық хабқа өткізді.

Томирис Намазбекова, №147 гимназияның 7-сынып оқушысы:

- Біз осы науқан арқылы өзіміздің экологияға байланысты өзіміз жетіле алдық және көптеген ой қалыптастыра алдық. Мысалы, экологияны қорғау үшін біз қоқыстарды бөліп жинауымыз керек. Сол экологияны жасау арқылы бізге таза ауа келеді, экологияны таза ұстау арқылы біз сол жерде тіршілік ете аламыз.

Орталыққа өткізілген 1 260 000 пластик қақпақты келіге шақсаңыз, 2 тоннадан асады. Әсіресе, Жетісу, Алмалы және Әуезов ауданының оқушылары белсенділік танытыпты. Пластиктің дәл қанша уақытта ыдырайтынын 100% есептеу қиын. Ол материалдың түрі, ылғалдылық, температура, күн сәулесінің қалай түсетініне байланысты. Ең жылдам ширитіні – полиэтилен пакеті. Оның өзіне 20 жыл кетеді екен.

Евгений Мұхамеджанов, ECO Network жобасының жетекшісі:

- Статистика бойынша елімізде жылына 1,2 млрд пластик бөтелке өндіріледі екен. Сонда біз осы экологиялық науқан барысында 0,1% қақпақты ғана жинадық. Бастамасы жаман емес. 21 желтоқсан күні экологиялық жәрмеңке ұйымдастырып, үздік үш мектепті марапаттаймыз.

Экохабқа келген оқушылар өңделген пластиктен жасалған бұйымдарды тамашалады. Ұйымдастырушылар қақпақтарды жинау бастамасын келесі жылы тұрақты өткізуді жоспарлап отыр. Осы арқылы тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға шақырмақшы.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон