Ақтауда кәсіпкерлер қаланы абаттандыруға атсалысты

Ақтауда алты шағын ауданды абаттандыру басталды.

«Таза Қазақстан» эконауқаны аясында жүргізілген тазалық жұмыстарына кәсіпкерлер белсене атсалысты. Атап айтсақ, бизнес орта өкілдері вандализм салдарынан қираған орындықтар, қоқыс жәшіктерін қалпына келтірді. Көше шамдарын жаңартып, жасыл желекті күтіп-баптауға қажетті материалдарды жеткізді. Инженерлік желілерді жөндеу кезінде бүлінген жаяу жүргінші жолдары да жөнделіп жатыр. Айта кету керек, бұл шаруаға көппәтерлі тұрғын үйлерге қызмет көрсетуші мекемелер де өз үлесін қосты. Жалпы Маңғыстау өңірінде сенбілік дәстүрі жылдың соңына дейін жалғасады.

Айдар Бисенов, қалалық Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

- 12-шағын аудан, 27, 28, 29, 32А және 32Б шағын аудандарда қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстардың бір ерекшелігі - қаламыздың ірі кәсіпкерлерінің қолдауымен, яғни олар арнайы техникалар бөліп қаламызды тазалауға, абаттандыруға үлестерін қосып жатыр. Осы шағын аудандарда жұмыстар аяқталғаннан кейін басқа да шағын аудандарда жүргізіледі.