Астаналық оқушылар мектептегі жылыжайда лимон өсіріп жатыр

Астаналық оқушылар мектеп жанындағы жылыжайда лимон өсіріп жатыр.

8 мектеп-лицейінің  «Жасыл клуб» жобасы 2 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Оған оқушылар бесінші сыныптан бастап қатыса алады. Биология пәніне қосымша практикалық сабақ ретінде енгізілген. Бірақ көкөніс өсіруді үйренгісі келетіндердің қарасы қалың дейді жоба жетекшісі.

Нұрай мен Іңкәр биыл сегізінші сыныпта оқиды. 2022 жылы осы жылыжай ашылғанда алғашқылардың бірі болып тіркелген. Қазір мұнда өсетін өсімдіктердің бәрін таниды. Кәсіби бағбандар сияқты күтім жасауды үйренген.

Іңкәр Рымбек, 8-сынып оқушысы:

- Лимонды өсіру өте қызық. Лимон басқа жемістерге қарағанда ұзағырақ өседі. Және бұл өте аса күтімді қажет етеді. Яғни біз бұны кез-келген уақытта қиып тастап, ала алмаймыз. Себебі стресс алып қалуы мүмкін. Сондықтан жақсы күтім қажет етеді. Міне көріп тұрғандарыңыздай лимонның алғашқы жемісі өсіп жатыр. бұл шамамен жазға қарай пісіп сарғаяды.

Нұрай Садуақас, 8-сынып оқушысы:

- Біз осы жерде шамамен 5 килограмдай қиярдың өнімін ала аламыз. Оның бір килограмын біз асханаға сыйға тартып, қалған төрт килограмын сатып, одан түскен қаражатты мектептің ауласын безендіру мақсатында гүлдер мен ағаштарды отырғызған болатынбыз. 

Одан бөлек жылыжайда қызанақ, аскөк  көкөністері мен құлпынай, жидектер және жалбыз өсіп келеді. Жоба жетекшілері  оқушылармен бірге бос уақыттарын пайдалана отырып, өсімдіктерге күтім жасайды.

Роза Бекмырзаева, биология пәні мұғалімі:

- Жылыжайда оқушылар аптасына екі рет келеді. Сабақтан тыс және факультатив уақыттарында. Оқушыларға ұнайды. Себебі оқушылар өздерінің көздерімен көріп жүрген нәрселерін қолымен істейді. Яғни бұл дегеніміз теориялық білім ғана емес, практикалық білім де беріп жатырмыз деген сөз. Оқушылар өздері алған өнімдерінен өздері бірінші дәм татады. Одан кейін басқа оқушыларға үлестіреді.

Сонымен қатар қала бойынша оқушыларға экологиялық тәрбие беретін басқа да маңызды іс-шаралар жүргізіліп келеді.

Аяжан Амантайқызы, қалалық білім басқармасының баспасөз хатшысы:

- «Таза Қазақстан» акциясы аясында біз таза мектеп, таза аула, таза қала. Міне осы бағдарламалар бойынша оқушылармен жұмыс істеп жатырмыз. Онда оқушылардың негізгі мақсатымыз бұл оқушыларды экологиялық тәрбие мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. Біздегі басты мақсат осы. Қоғамға деген, жалпы қоршаған орта, таиғатқа деген жауапкершілікті нығайту мақсатында біз осыған ықпал ету үшін жан-жақты жұмыстарды атқарып жатырмыз.

Жалпы Астанадағы 19 мектеп пен 1 колледжде жылыжай ашылған. Болашақта олардың санын арттыру жоспарланып отыр.

Серік Селеубайұлы, Ғалымжан Абылахат