Сәтбаев қаласын қара қар басты

Сәтбаев қаласын биыл да қара қар басты, деп хабарлайды 24KZ. Қаланы жылытатын қазандықтан шыққан түтін жерге қара күйе болып түсіп жатыр. Себебі ондағы газ тазарту сүзгілері тозған және ең арзан көмір қолданылады.

Қала тұрғындары мұндай жағдай жылда қайталанатынын айтады. «Бірақ биыл ерекше ушығып тұр», – дейді олар. Таңда жауған ақ ұлпа түске жетпей қара күйеге айналатын көрінеді.

Алдияр Амангелді, Сәтбаев қаласының тұрғыны:

- Қар деген енді масқара. Бұрын үйдегі кілемдерді далаға қағу үшін шығаратын едік, қазір кілем түгілі балаларды ойнатуға да қорқасың ше.

Жасқайрат Айбеков, Сәтбаев қаласының тұрғыны:

- Немерелерімізді далаға ойнатуға қорқатын болдық. Ана үйдің терезесін, сыртын айтпағанда. Мен түсінбедім. Үйге кіргенде үйге алып кіреміз, аяғымызға жабысып. Қазандықтың фильтрі болады деп еститінбіз. Өзіміз маман емеспіз ғой. Мамандар не қарап отқанын білмеймін.

Қаланы жылытып тұрған қазандық жеке компанияның басқаруында. Шаһардың қара күйеге орануына онда қолданылатын арзан көмір себеп болған. Облыс әкімдігі мен меншік иесі осылай дейді. Жазбаша ұсынған жауапта алдағы уақытта кәсіпорындағы газ тазарту қондырғыларын толық жаңғырту жолдары қарастырылып жатқаны айтылған. Дегенмен денсаулығына алаңдаған тұрғындар дабыл қағып, Парламент депутаттарына шағым жолдаған. Нәтижесінде қазандыққа қолданылатын қатты отынды сапалы көмірге ауыстыруға шешім қабылданды.

Ерболат Сатыбалдин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Түтінді ауаға жібермей өткізетін фильтрлардың мүмкіншілігі «зольность» 20%-ке дейінгі көмір жаққан кезде қосылады. Бұл жерде қазір пайдаланып отырған көмірдің «зольность» 43% екен. Қазандықтың басшылығының айтуына қарағанда қаңтардың 13-і күні басқа көмір келу керек, күлділігі төмен. Содан кейін әрі қарай қара қар мәселесі осымен шешіледі. 

Қара күйеден құтылудың тағы бір жолы – қазандықты газға қосу. Қазір өңірді газдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Егер қаладағы жеке секторда орналасқан үйлер көгілдір отынға қосылса, қазандыққа түсетін салмақ та, экологияға келетін зиян да азаяды. Бірақ оның нақты қашан жүзеге асатыны әзірге белгісіз.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев.