Өскемендіктер ауаның ластануына алаңдап отыр

Өскеменде былтыр 76 мың тонна зиянды түтін ауаға тараған, деп хабарлайды 24kz.

Оның 46 мыңы облыс орталығына тиесілі. Аймақта өкпе, обыр дерті дендеп тұр. Дегенмен сең енді қозғалатын сыңайлы. Жауаптылар тыңнан түрен салуға ниетті.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Өскемен – өр Алтайдың баурайын бойлай қоныстанған өңір. Мұнда өндіріс өркен жайып, өнеркәсіп жолға қойылған. Содан болса керек, шығыстағы шаһардың көгін көк түтін торлап тұр. Экология мұндағы бұқараның басты ауруына айналған.

Шығыс Қазақстанда 60 алып өндіріс орны бар. Оның 15-і Өскеменде. Жыл он екі ай дамыл таппайтын кәсіпорындардың кейбірі экологиялық талаптарды тыңдамай, ескертулерді елемейтін көрінеді.

Азамат Тауырбеков, ШҚО Экология департаменті басшысының м.а.:

- Былтыр 2024 жылдың қорытындысы бойынша 66 ірі кәсіпорынға тексеріс жүргізілді. Олардың қорытындысы бойынша 148 өрескел бұзушылықтар анықталып, 2 млрд-тан астам сомаға айыппұл салынды.

Кәсіпорындардың бірі – Күршім ауданы, Маралды ауылындағы кен орны. Айтайық, әу баста зауыттың жұмысына жергілікті жұрт қарсы болған екен. «Себебі сол, наразы топ, өндіріс экологияға зиян, халыққа қауіпті», - дейді. Мәселенің мән-жайын компания өкілдерінің өзінен сұрап көрдік.

Айбек Әлібекұлы, Кен өндіру компаниясы директорының орынбасары:

- Экологиялық заманауи шарттарға сәйкес жерде бұрғыланған ұңғымалар бар. Онда судың құрамын сараптамадан әрдайым зерттеп, өлшеніп отырады. Бізде атмосфераны ластамау мақсатында мониторингтар жүргізіп отырады және мына пешіміз, котельный деп айтады ғой, көмірмен емес, табиғи газбен ғана жұмыс істейді. Соның арқасында қоршаған ортаға, табиғатқа минималды зияндар келтіріледі.

Тілесбек Кемербаев, Кен өндіру компаниясының технолог маманы:

- Басқа өңірде цианид қолданылады. Бізде оның орынына СТ500 деген қолданылады. Ол жерде геомембрана 3 қабат бар. Гидроизоляция қондырылып, тегістеледі. Оның үстіне вентонид деген идрагент төселеді. Оның ішінен мембрана. Оның қалыңдығы 1,5 ары қарай кетеді. Ол қыс мезгілінде 70 градусқа шыдайды. Зиян тудыратын еш нәрсе жоқ.

Экологиялық ахуалды онкология, туберкулез сынды аурулардың таралу деңгейінен байқауға болады. Өңірде өкпе, обыр дерті дендеп тұр. Шығыс республикалық көрсеткіште көшбастайтынын жергілікті мамандар да жоққа шығармайды. Дегенмен соңғы жылдары статистика төмендеп, емдеу ісі ілгерілеген.

Райфа Сафиоллинова, облыстық фтизиопульмонологиялық орталығының бас дәрігері:

- 2024-2023 жылдарды салыстырсақ, 2023 жылы 361 науқас туберкулезбен ауырды. Ад 2024 жылы – 297. Айырмашылығы туберкулездің ауруы 4,2% төмендеді. Бірақ бұған жеткізген жетістіктер профилактикалық жұмыс. Поликлиникадағы біздің мамандар. Именно профилактика жұмысын жақсартқаннан кейін.

Гүлмира Сағидуллина, ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығының басшысы:

- 2024 жылы 2548 науқас анықталса, оның алдындағы жылда 2600 науқас анықталды. Жылдан жылға мынау аурулармен ауру көрсеткіші төмендеп бара жатыр.

- Өлім деңгейі қалай?

- Міне, бұл өте жақсы сұрақ, неге десеңіз, біз оған қуанамыз. Он жыл ішінде жылдан жылға өлім көрсеткіші төмендеп бара жатыр. Былтыр өлім көрсеткіші 115 көрсеткіш болса, енді биыл 110 деп саналады.

«Өңірдің географиялық ерекшелігі қолбайлау болып тұр», - дейді экологиялық ұйымның өкілі

Елена Березинская-Әбілова, «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросының жетекшісі:

- Шығыс Қазақстан облысының өндірісті өңір екенін бәріміз білеміз. Әрі Өскеменнің географиялық орналасуын да айта кеткен жөн. Қала таудың қақ ортасында орналасқан, сондықтан жиналған түтін оңайлықпен ыдырай қоймайды. Сол себепті аймақтың экологиялық ахуалы алаңдатады. Осы факторларды ескере отырып, жергілікті билік пен белсенділер экологиялық мәселелерді шешу үшін бірлесіп жұмыс істеп келеді.

Жеке сектордағы тұрғын-жайлардың жайын да ескерген жөн. Шығыстағы шаһарда 30 мыңға жуық жеке баспана бар. Оның 3 мыңнан астамы ғана орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Алда жауаптылар бір көзден жылу беруге ниетті. Ол үшін 13,8 млрд теңгеге жаңа жылу орталығын салады. Сондай-ақ 146 шақырым желі тартылады. Меже орындалса, ауаға тарайтын түтіннің көлемі азаюы мүмкін.

Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы