Атырау облысының Мақат ауданы «Таза Қазақстан» акциясында белсенділік танытты
Елді мекендердің тазалығы – ауыл тұрмысының айнасы.
Атырау облысындағы Мақат ауданының тұрғындары тазалыққа баса мән беріп келеді. «Таза Қазақстан» акциясы апта сайын ұйымдастырылып, тұрғындар да белсенділік танытуда. Олардың арасында еңбегімен көпке үлгі көрсетіп жүрген жандар да бар.
Таңның атысынан күннің батысына дейін көше тазалап жүретін 51 жастағы Галина Гребенькованың еңбегі ерен. Ғұмырының жартысына жуығын Мақаттың тазалығына арнаған Галина былтыр «жылдың үздік коммуналдық қызметкері» атанды. Мәдениет алдымен тазалықтан басталады,- дейді ол.
Галина Гребенькова, Мақат кентінің тұрғыны:
- Қоқыс жинаймыз. Қар жауса, көшені қардан тазартамыз. Шағын аудандардың тазалығы біздің мойнымызда. Мақат кенті таза болуы әрі тұрғындардың жайлығы үшін жұмыс істеп жүрміз.
Галина секілді еңбекқор жандардың арқасында Мақат кенті де көркейіп келеді. Олардың жұмысына тұрғындар да риза.
Серікбай Нұржанов, Мақат кентінің тұрғыны:
- Оны мен баяғыдан танимын. СМП-ның қызы. Күнде жүреді, қарамайды. Жазда да, күн 50 градуста да, қыста да, жазда да біздің СМП-ның уборкасын осы әйел істейді.
Мақат ауданының тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясына да белсенді қатысады. Бүгінге дейін 415 тонна қоқыс полигонға шығарылған. 1500-ге жуық тал отырғызылған. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады, дейді жауаптылар.
Темірбек Іңірбай, Мақат аудандық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
- Ауданға енді КДМ машиналары, қар күрейтін, жол тазалайтын сондай камаздар, погрузчик, эксковаторлар, гидромектер және шөп шабатын құралдардың бәрін алуға қаражат бөліп отыр. Алдағы уақытта, биыл конкурсқа жариялаймыз, әрі қарай жұмыстарды жүргізе береміз. Бұл енді Таза Қазақстан акциясы дейтін күн тәртібінен түспейтін мәселе. Тазалық бірінші өзімізге керек.
Бүгін де Мақат ауданының тазалығына жауапты коммуналдық мекеменің 45 қызметкері бар. Дегенмен бұл аудан үшін аз. Алдағы уақытта олардың жалақысын көтеріп, салаға жастарды тарту жоспарланып отыр, дейді жауаптылар.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин