Ақмола облысында экоакция басталғалы 50 мың тонна қоқыс жиналды

Ақмола облысында былтыр көктемде басталған «Таза Қазақстан» акциясы аясында 50 мың тоннадан астам қоқыс полигонға төгілді, деп хабарлайды 24kz.

Ортақ іске 280 мыңға жуық адам қатысты. Әсіресе, Сандықтау ауданы тұрғындарының белсенділігі ерекше болды. Олардың күшімен 156 заңсыз қоқыс полигоны жойылып, 3 мыңнан астап көшет егілді. Жергілікті билік өкілдері мен депутаттар экологиялық шараны қорытындылап, биылғы жоспарды талқылады. Сонымен бірге студенттерге акцияның маңыздылығы түсіндірілді.

Константин Кудин, колледж директоры:

- Біз болашақ механизаторларды оқытамыз. Жастарға осы бастан қоршаған ортаны қорғауды үйретеміз. Оны оқу бағдарламасына да қостық. Себебі болашақта гербицид, фунгицид сияқты химиялық препараттармен жұмыс істейді. Сол себепті біз олардың артықшылығы мен кемшілігін қазірден түсіндіріп жатырмыз.

Сәуле Жайылғанова, Сандықтау ауданы әкімінің орынбасары:

- Биыл ұлттық жоба аясында кешенді жоспар әзірленді. «Жасыл ел» жобасы аясында тағы 20 ерікті сапқа қосылады. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті қазынадан 3 млн теңге бөлінді.