Өскеменнің экологиялық ахуалын енді дрондар бақылауы мүмкін
Өскеменнің экологиялық ахуалын енді ақылды дрондар бақылауы мүмкін. Жақында ғана құрылған «Өскемен тынысы» экологиялық бюросының мүшелері осындай идея ұсынып отыр, деп хабарлайды 24kz.
Олардың айтуынша, қазіргі жұмыс істеп тұрған жылжымалы мобильді станциялардың қызметі аздық етеді. Өйткені 11 ірі зауытты былай қойғанда, қалада ұсақ өндіріс орындары көп. Пешпен жылынатын 30 мыңға жуық жеке сектордағы үй мен автокөліктер де зиянды қалдықтар бөлетіні рас. Табиғат жанашырлары бұл істе әуеден бақылау жүргізудің нәтижелі боларына сенімді. Арнайы газ құрамын талдайтын құралы бар бұл ұшу аппараттары бір мезетте Өскеменнің 11 аумағын түгел қамти алады.
Айта кету керек, шаһар экологиясын жақсарту мәселесі өте өзекті. Өндірісті қаланы қалың түтін басып қалатын күндер де жиілеген.
Елена Березинская-Әбілова, «Экология тынысы» экологиялық қорғау бюросы, жобалау кеңсесінің жетекшісі:
- Біз неліктен дрондарды қолдануды ыңғайлы деп есептейміз? Өйткені олардың көмегімен ауаны ластаушы нысандар туралы қазіргіден де ауқымды мәліметке қол жеткіземіз. Яғни, күмәнді бейнежазбалармен әуре болмаймыз.Бұл ұшу аппараттары күні-түні бізге шынайы ақпарат береді. Әрине, ол үшін бір-екі дрон жеткіліксіз. 11 аумақтық учаске бар болса, 11 дана құрылғы керек.