Атырау облысында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын жоба іске қосылады

Атырау облысында тәулігіне 10 мың тоннаға дейін тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптайтын жоба іске қосылады, деп хабарлайды 24KZ. Енді наурыз айынан бастап ағаш, пластик және темірден жасалған бұйымдардың қалдықтары Махамбет ауылында сұрыпталып, өңдеу орындарына жіберіледі.

Қазір сұрыптау қондырғысы орнатылып, қатты қалдықтарды жинақтайтын 10 гектардай жер телімі қоршалды. Облыстағы елді мекендерден күніне 40 тоннадай түрлі қалдық шығарылады. Болашақта 7 ауданға қарасты 150-ден астам ауылдық округтегі полигондар да осылай ретке келтіріледі.

Асылхан Шәкімов, Махамбет аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Қазіргі таңда біздің Махамбет ауданында 9 полигон бар. Оның біреуі Махамбет селосында. 2022 жылғы Экологиялық кодекске енгізілген өзгерістерге байланысты полигондарды Экологиялық кодеске сәйкестендіру қажеттілігі пайда болды. Сол себептен біз қоқыстың барлығын манағы, округтегі уақытша полигондарда жинақталған қоқыстардың барлығын осында жинаймыз, осы арада сұрыптаймыз.