«Іле-Балқаш» резерватында Бұқар бұғысы көбейіп келеді

«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватында жабайы аң-құстарды қоректендіру жұмыстары қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Бұл ерекше қорғалатын аймақтың жалпы аумағы 415 мың гектар. Ол Іле өзені сағасы филиалы және Балқаш маңы филиалы сияқты екі бөліктен тұрады. Резерватта сүтқоректілердің 45 түрі мекендейді. Оның бесеуі Қазақстанның қызыл кітабына енген.

Мұнда қысқы биотехникалық жұмыстар 2019 жылдан бері тыңғылықты жүргізіліп келеді. Балқаш маңы филиалының аумағында 1600 бас қабан, 250 тұяқ қарақұйрық және 150-ге жуық құлан бар. Ал Бұқар бұғысының саны 200 басқа жетіп қалды. Табиғи резерватты екі орман шебері мен 20 мемлекеттік инспектор күзетеді. Ерекше қорғалатын аймақта былтыр 366 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, 34 заңбұзушылық анықталған.

Жансерік Елубай, «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты бас директорының орынбасары:

- Жануарлардың қыстық азығына 400 рулон шөп және 100 тонна жүгері, одан бөлек, 20 тонна арпа дайындалған. Бұл жаңағы дайындалған жүгеріні 100 тоннаны, резерват аумағында 30 азықтандыру алаңы бар. Сол 30 азықтандыру алаңына мемлекеттік инспекторлар кезекшілік кезінде екі күнде бір жеткізіп, шашып отырады.