Орталық Азия елдері су бойынша ынтымақтастықты арттырады
Судың да сұрауы бар. Қазір бұл проблема барша Орталық Азия елдері үшін өзекті.
Сондықтан Президент тіршілік көзін үнемдейтін технологияларды пайдалану керектігіне назар аударды. Су мәселесі Орталық Азия елдерінің өзара диалогы мен серіктестігі аясында шешілуі тиіс. Кешегі келелі кеңесте Мемлекет басшысы Үкіметке осы шаруамен белсенді айналысуды тапсырды.
Су тапшылығы қазіргі заманның басты проблемаларының бірі. Бүгінде әлем халқының 2 миллиардтан астамы таңдайы құрғап, өңешін жібіте алмай отыр. Тағы 4 миллиардтан астам адамға ауыз су жетіспейді. Тапшылық тұтас жаһанды тығыраққа тіреді. Сарапшылар мәселе ушықпай тұрып, тіршілік нәрін тең бөліп, тиімді пайдалануды шешу керек, дейді.
Мирас Жиенбаев, MIND MNU Ғылыми-талдау орталығының сыртқы саясат және халықаралық зерттеулер бағдарламасының жетекшісі:
- Орталық Азия қазір үлкен трансформациялық процестерді бастан кешуде. Демографиялық өсім барлық ресурсқа үлкен жүктеме болады. Әсіресе суға сұраныс көбейеді. Тіршілік нәрін тиімді пайдалану мәселесі әлем үшін өзекті. Біздің Орталық Азия үшін Парсы шығанағы елдерімен су саясатын жүргізу маңызды. Және бұл бағытта атқарылып жатқан шаруа көп екенін көріп отырмыз.
Орталық Азия аймағында қазір 75 млн халық тұрады. Сарапшылардың айтуынша 2050 жылы бұл сан 100 млннан асады. Тіршілік көзін тұтынушылар көбейсе, тапшылық ушығатыны айтпаса да түсінікті.
Сұлтан Әкімбеков, саясаттанушы:
- Екі жыл бұрын біз Ташкентте алғашқы құмды дауылды көрдік. Бұл дегеніміз, ауылшаруашылық аймақтарында барған сайын тұрақтылық төмендеп жатыр. Бүгінде аграрлық өркениеттің алды болған Орталық Азияның Қазақстаннан көп мөлшерде азық – түлік тасымалдайтынын көріп отырмыз. Әрине бұл өте маңызды мәселе.
Адамзаттың орнықты келешегін қамтамасыз ету үшін әлем елдері қазіргі сын-қатерлерге қарсы ортақ үн қатуы қажет. Мемлекет басшысы Эр-Риад саммитінде осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев жер аумағы көлемді және теңізге шығатын жолы жоқ ел ретінде Қазақстан судың қадірін анық сезінетінін айтты. Біріккен Ұлттар Ұйымы елдердің күш жігерін біріктіру арқылы ғана бұл қиындыққа төтеп бере алатындығын тағы бір еске салды.
Стивен О’малли, БҰҰ Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісінің міндетін атқарушы:
- Су тапшылығы үлкен апаттарға әкеп соғуы мүмкін. Егістіктегі ысырапшылдықтың кесірінен тіршілік көзінің көп бөлігін жоғалттық. Сондықтан Орталық Азия елдерінің қуаңшылықпен күресу, Аралды қолдау қоры сияқты маңызды бастамаларын жоғары бағалаймыз. Әрине біз Каспий теңізіндегі судың азаюына алаңдап отырмыз.
Қазір технология дамып, өнеркәсіп өркендеген заман. Алайда су тапшылығы мұның бәріне қауіп төндіреді. Тіршілік нәрінің қауіпсіздігі күллі әлемге ортақ сынақ. Сондықтан бұл істе бірлесіп әрекет ету маңызды.
Әлішер Әли