Алматы облысында «Таза сана – таза қоршаған орта» шарасы өтті
Алматы облысының Балқаш ауданында «Таза сана – таза қоршаған орта» экологиялық шарасы өтті, деп хабарлайды 24KZ.
Алдағы сәуір айында «Таза Қазақстан» акциясына бір жыл болады. Оған Балқаш ауданы бойынша 5 мыңнан астам тұрғын қатысып, 5270 дана көшет екті. Аудан аумағындағы 20 шақты көл мен Іле өзенінің жағалауы және саябақтар тазартылып, 51 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Ардагерлер мен ауыл қарияларының ауласын тазартуға арналған қайырымдылық шаралары да тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Бақыт Сқабаев, Балқаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Бұл ауқымы өте зор, үлкен мағыналы акция. Халықтың санасын тазалыққа үйрету, мәдениетке үйрету, экологияны сақтай білуге үйрету, жерді, суды қорғай білу, осы акцияның ішіне кіреді барлығы. Мына жерді, ауаны ластасақ, ол бізге, өзімізге зиян, халыққа зиян, малға, жан-жануарға зиян. Халықтың, жастардың санасына соны енгізе білуіміз керек. Сөйтіп тәрбиелей білуіміз керек.