Инвестиция - отандық экономиканың темірқазығы
Тәуелсіздік жылдардан бері шетелден Қазақстанға тартылған қаржы көлемі 400 млрд доллардан асады.
Бұл еліміздің ірі компаниялар үшін тартымдылығы және оларға қолайлы жағдай жасалып отырғанының көрінісі. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, былтыр Қазақстанға қаржы құйған үздік инвесторлардың алғашқы үштігін Нидерланды бастады. Батыс Еуропадағы мемлекет отандық нарыққа 4 жарым млрд доллар әкелген. Екінші орынға 3 млрд доллармен АҚШ жайғасты. Үштікті Швейцария қорытындылайды. Бұл елдің құйған қаржысы 2 млрд долларға жуықтайды. Үздік инвесторлардың алғашқы ондығында Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Бельгия, Франция секілді бірқатар Еуропа елдері бар. Инвестиция көлемі жыл санап артып келеді. Үкімет таратқан мәліметке сәйкес, Қазақстанға тартылған шетелдік инвестициялардың рекордтық көрсеткіші 2022 жылы тіркелді. Ол кезеңде экономикаға 28 млрд доллар қаржы құйылды. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 17 пайызға артық.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай инвестиция көлемін 150 млрд долларға дейін жеткізуді тапсырған болатын.